Мемлекеттік даму деңгейі жол сапасымен бағаланады. Бұл тұста Қызылорда облысының үлесі жоғары. Облыс аумағынан 810,5 шақырымы өтетін «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің 566 шақырымы Қызылорда мен Ақтөбе аралығындағы жолдың сапасына сала басшысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында тоқталды.

-Түркістан мен Қызылорданы байланыстыратын 244,5 шақырымы төрт жолақты, ал Ақтөбе облысына дейінгі ІІ-санаттағы 566 шақырымы екі жолақты болып салынған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың облысқа жасаған сапарында бұл мәселе толық шешімін тапты. Президент күрежолдың Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі аралығындағы 566 шақырымды 4 жолақты жолға ауыстыру жөніндегі жергілікті биліктің бастамасын қолдап, оны кеңейтуді тезірек бастау қажеттілігіне назар аударды. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярға облыс халқын толғандырған мәселені бақылауға алуды тапсырды. Бұл жобаның жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу келесі жылдан басталатын болды, – деді Жәнібек Сыздықов.

Айта кету керек, аталған жоба аймаққа ғана емес, көршілес орналасқан облыстардың әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер береді.

Облыс аумағында 212 елді мекенді аудан және облыс орталығымен байланыстыратын 205 автобус маршруты ұйымдастырылған. Сондай-ақ, Ташкент қаласына 1 халықаралық және Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Ақтөбе және тағы басқа қалаларға облысаралық 13 автобус маршруты бар. Осы маршруттарда барлығы 30-дан астам заңды және жеке тұлғалар әр түрлі сыйымдылықтағы 1405 дана автобуспен жолаушы тасымалдау қызметін көрсетуде.

-2023 жылдың 10 айдың қорытындысымен 19,5 миллион жолаушы тасымалданып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 46,7% артып отыр. Қызылорда қаласы мен аудан орталықтарындағы 1 автовокзал және 8 автостанса халыққа қызмет көрсетуде. Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі автовокзал ғимараты салынуда. Жаңа автовокзал – осы жылдың желтоқсан айында іске қосылады деп жоспарлап отырмыз. Жаңадан 15 жұмыс орны ашылады. Облыс орталығының қоғамдық көлігін 80 пайызға жаңарттық. Сонымен бірге, Қызылорда қаласының темір жол вокзалы күрделі жөнделуде, – деді Жәнібек Шәкімбайұлы.

Биыл Қызылорда қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында 231 көшеге жол жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. Осы мақсатта бюджеттің барлық түрлері мен мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы соммасы 10 млрд. 246 млн. теңге бөлінді. Қазіргі таңда, жол жөндеу жұмыстары «Саяхат», «Бәйтерек» тұрғын аудандарында басталды. 

Айта кету керек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында  Қызылжарма, Ақсуат, Қарауылтөбе, Қосшыңырау, Талсуат, Қызылөзек ауылдық округтерінен барлығы 46 көшеге, Ұлттық қордан бөлінген қаржыға Қарауылтөбе ауылдық округіне қарасты кіре беріс жолдың бойында орналасқан жаңа қоныс аумағына, Қызылорда қаласы – Жезқазған тас жолының бойындағы 150 га жерге, Қызылорда қаласының Сарысу көшесі бойындағы Шорғазы тұйығына және кенттер мен ауылдық округтердің 26 көшесіне қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізіледі.

Бұдан бөлек, Қызылорда қаласы мен оған қарасты кент және ауылдық округтердегі 106 көшеге облыстық бюджеттен орташа жол жөндеуге 1 752,6 млн.теңге қаралып, Қызылорда қаласы бойынша 76 көшеге, Бөлкөл кенті бойынша 6 көшеге, Тасбөгет кенті бойынша 14 көшеге және Сабалақ саяжайына 10 көшеге асфальт төселінбек.

БӨЛІСУ