Сексеуіл кентінде «Бейнеу-Бозой-Шалқар» автомобиль жолының құрылысы» жөніндегі қоғамдық тыңдау өтті. Оған аудан әкімі С. Сермағамбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ басқармасы төрағасының орынбасары С. Шаймин, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының директоры Е. Жүнісов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ж. Сыздықов және «Каздорпроект» ЖШС директорының орынбасары Қ. Көбжасаров қатысты. Сондай-ақ, басқосуда облыстық және аудандық қоғамдық кеңес мүшелері мен жергілікті тұрғындар мен мәслихат депуттаттары болды.

Алдымен, «Бейнеу-Бозой-Шалқар» арқылы немесе «Бейнеу-Бозой-Сексеуіл» бағыты арқылы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізіне қосудың 5 нұсқасы таныстырылды. Өз кезегінде «Каздорпроект» ЖШС бас инженері А. Нұрхамытова жобаның тиімділігі мен өзектілігіне тоқталып, әр нұсқа бойынша жеке дара саралау жұмыстарының жүргізіліп жатқандығын жеткізді. Сондай-ақ, осы жылдың қыркүйек айында басталған техникалық-экономикалық негіздеме келер жылдың соңына дейін зерделенетіндігін тілге тиек етті.
Ал, кент тұрғындары оңтүстік өңірлерге қатынау мен тауар айналымындағы тиімділікке тоқталып, батыс пен шығысты жалғайтын транзит дәлізі боларына дәлелдер келтірді. Бұдан бөлек, ІІ дәрежелі автожолдың Сексеуіл үстінен өтуі географиялық және климаттық тұрғыдан оңтайлы екендігін айтты.
Тұрғындар пікірін ескерген жобалаушы тарап Батыс өңірлерде де қоғамдық тыңдау өтетіндігін, тиісінше алдағы уақытта зерделеу мен нақтылау жұмыстарын жүргізетіндігін жеткізді.

БӨЛІСУ