Биыл облыс бойынша 193,4 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, егіс көлемі 4,8 мың гектарға ұлғайған. Бұл туралы Өңірлік коммуникциялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев мәлімдеді.

Ал егістік басындағы еңселі жұмыстардың нәтижесінде биыл 89 мың гектарға ақ күріштің дәні себілді. Ала жаздай бейнеттен бел жазбай еңбек еткен диқандардың арқасында 503,3 мың тонна өнім қамбаға құйылды. Бұл ретте су тапшылығы тығырыққа тіресе де, тіршілігін тоқтатпаған диқаншылар қауымның еңбегі орасан.

-Өздеріңіз білетіндей, егіншілердің басты мәселесі – су тапшылығы. Осыған сәйкес, егіс көлемін әртараптандыру бағытында 3 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы да тиісті жұмыстар қолға алынды. Жалпы күзгі егін жинау науқанына 4 287 бірлік техника жасақталып, толық егін егу науқанына қатысты. Осы атқарылған шаралардың нәтижесінде, 521,2 мың тонна дәнді дақыл, оның ішінде 503,3 мың тонна ақ күріш қамбаға құйылды. Сондай-ақ, 4,8 мың тонна майлы дақыл, 94,4 мың тонна картоп, 398,7 мың тонна көкөніс пен бақша өнімдері жиналды, – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.

Бүгінде аграрлық саланы қарқынды дамыту үшін мемлекет тарапынан көптеген қолдау көрсетіліп келеді. Тиісінше биыл осы саланы дамытуға 18,5 млрд.теңге қаржы қарастырылса, оның 14.0 млрд.теңгесі субсидиялауға бөлінді.
-Жыл басынан бері мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнімі өткен жылмен салыстырғанда 2,6 пайызға артты. Сондай-ақ, саланың негізгі қорына 9,4 млрд.теңге инвестиция салынып, өсім көрсеткіші 36,6 пайызға ұлғайды. Ал тамақ өнімдерін өндірудің негізгі капиталы 3,1 есеге артты, – деді басқарма басшысы Талғат Тұрсынұлы.
Биыл аталмыш салада экспорт әлеуеті де артқан. Стастикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың 1 қазанына дейін 40,9 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі әлемнің 21 мемлекетіне экспортталған. Барлық экспортталған өнімнің 84,8 пайызы негізгі дақыл – күріш өніміне тиесілі. Жалпы есепті кезеңде 34 703,9 тонна Сыр салысы шет мемлекеттерге экспортталды.

@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

БӨЛІСУ