Биыл мәдениет және өнер қызметкерлері үшін ерекше жыл. Олай дейтініміз, аймақ басшысының қолдауымен мәдениет саласының 13 маманы біліктілігін арттыру мақсатында Италия және Беларусь мемлекетіне шығармашылық іссапармен барды. Облыстық филармонияның солистері Мақсат Мақұлбеков, Сымбат Тасбергенова және Мағжан Аманжолов 23-28 қазан аралығында Италия мемлекетінің Анкона қаласының Озимо опера академиясында шеберлік дәріске қатысты. Дәрісті академия директоры Vincenzo De Vivo және вокалист, ұстаз Алла Симони өткізді. Вокалистерге еуропалық дәрежедегі сертификат берілді.

21-27 қараша аралығында облыстық филармония директорының орынбасары Азиза Іздіқұлова бастаған мәдениет ұйымдарының шығармашылық және техникалық мамандары Айбек Қуатбаев, Жасұлан Бермағанбетов, Бахтияр Абишов, Сәбит Наурызбаев, Серік Басаров, Орынбек Саруаров, Бақытбек Темірбеков, Төреәлі Нұрсұлтан, Аскар Исмаилов шеберлік дәріске қатысу үшін Беларусь Республикасының Витебск қаласында болды. Сапар аясында әріптестеріміз XXXIV Халықаралық «IFMC» заманауи хореография фестивалінің ашылу салтанатына қатысып, беларуссиялық мамандармен кездесті. Сонымен қатар, Якуб Колос атындағы Ұлттық академиялық драма театрында және Витебск облыстық филармониясының техникалық қызметтерімен танысты. Одан бөлек, «Талака» би, музыка және ән ансамблінің дайындығына қатысып, беларусьтық әріптестермен тәжірибе алмасты.
Беларуссияға сапар барысында Қызылорда облыстық филармониясы мемлекеттік «Витебск» мәдениет орталығы және Витебск облыстық филармониясымен шығармашылық ынтымақтастық келісімге келді. Екі тарап мәдени маңызды іс-шараларды өткізу кезінде көмек көрсетуге, орындаушылар мен шығармашылық ұжымдар өзара тәжірибе алмасуға, музыкалық алаңды ұсынуға қолдау көрсетеді.

БӨЛІСУ