Аудан әкімі Ардақ Ибраимов аудандық статистика бөлімінің басшысы Баймахан Сәуле Әбдірахманқызын 60 жас мерейтойымен құттықтады.
– Біз «Үлкенге – құрмет, кішіден – ізет» деген аталы сөзді ұрпағының бойына сіңіріп өскен халықпыз. Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз кейінгі жастарға үлгі. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарды ардақтап, бүгінгідей құрмет көрсету дәстүрге айналды.
Бүгінгі жиынымыз статистика саласында өзіндік қолтаңбасы бар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына, өсіп-өркендеуіне зор үлес қосып келе жатқан Баймахан Сәуле Әбдірахманқызының 60 жасқа толған мерейтойы құрметіне арналуда,- деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.
Сәуле Әбдірахманқызы 1987 жылдан бері ауданның статистика саласында қызмет атқаруда.
Оның ішінде 2005 жылдан бастап қоғамды жан-жақты шынайы әрі нақты ақпаратпен қамтамасыз ететін, мемлекеттік басқару жүйесінің айрықша маңызды саласы болып есептелетін аудандық статистика бөлімінің басшысы лауазымын абыроймен атқарып келеді.
Сондай-ақ, салтанатты қабылдауда аудандық мәслихат төрағасы Елеусінов Өмірзақ Тұрымбетұлы және аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Баймаханова Жұпар Хамитқызы мерейтой иесінің еңбек жолына тоқталып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.