Тасбөгет кентінің С. Майқанова атындағы Мәдениет үйінде облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен неміс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен неміс этносының мәдени күн аясындағы «Алтын дән» мерекесі өтті.

Мерекелік іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері және қала тұрғындары қатысты.
Іс-шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Айбек Дайрабай қатысушыларды құттықтап, этномәдени бірлестік белсенділерін алғыс хаттарымен марапаттады. Неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Ирина Шек мереке қонақтарына алғысын білдірді.
Концерттік бағдарлама «Тарту» қазақ биімен ашылды. Мәдениет күніне қатысушылар Германиядағы дәстүрлі егін жинау мерекесі туралы қызықты ақпарат алды. Мерекелік бағдарламаны неміс этномәдени бірлестігінің белсенділері және «Адажио» ұжымының әсерлі билері безендірді. Шарада түрлі тілдерде өлеңдер оқылды, әндер шырқалды.
Осы жылы Тасбөгет кентіндегі мектептер арасындағы өткізілген «Алтын дән» фестивалі аясында жүлделі орындарға ие болған мектеп оқушыларына марапаттар табысталды.

БӨЛІСУ