«Атамекен» Шиелі аудандық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен аудан орталығындағы 3 мектептің оқушыларымен «Мамандықты дұрыс таңдау – маңызды» атты мәжіліс болды.

Аталған жиынға аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Бекзатхан Бауыржанұлы, Шиелі ауданының құрметті азаматы Патима Маханбет, «GRAND Damdi» тамақтану орталықтар желісінің директоры Дінмұхамед Дауренбеков, «Ocean city» бассейн, қонақ үй комплексінің директоры Кожаков Бекболат және мектеп директорлары, мұғалімдер мен оқушылар қатысты.

Бүгінгі дамыған қоғамда мамандықтың түрі өте көп. Мәселен, соңғы статистикалық зерттеулер бойынша, әлемде 40 мыңға жуық мамандық түрі бар екен.

Мамандық таңдау – адамның өміріндегі ең жауапты кезеңдердің бірі, өйткені бүкіл болашақ өмірі осыған байланысты. Келешекте өкінбеу үшін, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. Бұл сауал оқушыны ғана емес, сондай-ақ оның ата-анасын да мазалайды. Шешім қабылдар алдында міндетті түрде ата-анаңызбен және достарыңызбен ақылдасыңыз. Себебі, кәсіп таңдау – оқушының өмір жолын анықтайтын шешуші сәт.

Баланы кәсіпке бейімдеу бүгін айтылған мәселе емес. Хакім Абай да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі де баланы ерте жастан кәсіп етіп, тірлік етуге шақырды. Ал, белгілі бизнесмен Роберт Кийосакий “Богатый папа, бедный папа” атты кітабында «Менен жұрт: “Бизнесті нөлден қалай бастауға болады?”, “Жылдам байып кету үшін не істеу керек” деп көп сұрайды. Мен оларға “Қаржылық сауаттарыңды арттырыңдар» деп кеңес беремін. Зәулім ғимарат салу үшін де алдымен оның іргетасын мықтап құю керек, сол сияқты байлықтың орнықты болуы үшін кісінің қаржылық сауаты болуы тиіс.

Қазақстанда әрбір үшінші тұрғын қаржылық сауаттылығына күмәнмен қарайды екен. Демек, мәселеге мән беретін уақыт жетті деген сөз.

Әр адам ерте ме, кеш пе өз өмірінде «Қандай мамандық иесі боламын?» деген сұраққа жауап іздейді. Мамандық таңдау – өте жауапты іс. Өйткені, таңдаған мамандығың ертеңгі сенің өмірің, болашағың, қоғамның болашағы, еліміздің ертеңі. Таңдау қаншалықты сәтті болса, өмір жолы соншалықты қызықты және табысты болады.

БӨЛІСУ