Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының базасында «Дәрілік терапияның сапасы мен қауіпсіздігі: әлемдік трендтер мен стандарттар» тақырыбында Халықаралық Конгресс өтуде.

Форум басында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығының басшысы Алексей Цой, ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыла құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ, аталған Конгрестің жұмысына Түркия, Украина, Польша, Албания, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Тәжікстан және басқа елдердің ішкі медицина және клиникалық фармакологияның жетекші сарапшылары қатысуда.

Осы Конгрестің шеңберінде жетекші шетелдік мамандармен тәжірибе алмасу үшін диалог алаңдары ұйымдастырылды, онда дербестендірілген және профилактикалық дәрілік терапияның клиникалық практикасы, көпбейінді стационарлардағы госпитальдық фармация және басқа да мәселелер талқыланады.

Министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының денсаулық сақтауды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының басым бағыттарының бірі тұрақты қаржыландыру жүйесі, қолжетімді ауылдық денсаулық сақтау жүйесі бар бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау жүйесін дамыту және басты мақсатқа – қазақстандықтардың күтілетін ұзақтығын ұлғайту үшін диагностика мен емдеудің заманауи технологияларын енгізу болып табылады.

Бүгінде елімізде дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медициналық техниканы тіркеу, сертификаттау, олардың сапасын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі қызмет реттелген.

Бұдан басқа, 2019 жылдан бастап амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге бөлінген қаражаттың көлемі 2 еседен астам ұлғайды, бұл нозологиялардың санын 48-ден 126-ға дейін және дәрілік заттардың санын 272-ден 347-ге дейін 2,5 есеге арттыруға және 3,9 млн.адамға дейін тегін қамтуға мүмкіндік берді.

БӨЛІСУ