Бүгін аудан әкімі Берік Сәрменбаевтың IV тоқсандағы есепті кездесуі Бесарық, Қоғалыкөл, Шіркейлі ауылында жалғасын тапты. Аудан басшысы тұрғындармен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан серпінді жұмыстарды атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы негізінде, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың қолдауымен аймақта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, өнеркәсіп өндірісі мен өңдеуші өнеркәсіп өндірісі бойынша Қызылорда облысы – республикадағы аймақтар арасында көшбасшы. Кәсіпкерлік саласының дамуы да қарқынды. Өңірде көптеген жаңа нысандар салынып, маңызды жобалар іске асуда. Нәтижесінде, Қызылорда облысы негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері бойынша жақсы нәтиже көрсетіп, үздік аймақтар қатарына енді. Осы бағыттағы жұмыстар аймақ басшысының қолдауымен ауданда да жүргізілуде. Инфрақұрылым, әлеуметтік және басқа да салалар бойынша жоспарлаған жұмыстар жүзеге асуда. Елді мекендерде көше жолдары жөнделді. Бесарық ауылы өңірдегі үлгілі елді мекендер қатарын толықтырды. Қоғалыкөл ауылында электр желілері жаңарды. Шіркейлі елді мекенінде Бейбітшілік, Қ.Қожамжаров тұйығы көшелері орташа жөндеуден өтті, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Кездесулерде аудан басшысы тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Ауыл халқы жол жөндеу, аяқ су, спорт, жайылымдық жер секілді мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді. Аудан әкімі барлық мәселе назарға алынып, алдағы жоспар осылардың негізінде жасалатынын атады.

Кездесулерге аудандық мәслихат төрағасы Е.Әжікенов, облыстық мәслихат депутаты Ж.Ембергенов, аудан прокуроры А.Кемалов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы М.Еспенбетов, құқық қорғау қызметкері, мекеме және бөлім басшылары қатысты.

БӨЛІСУ