Бүгін Жалағаша аудандық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракция отырысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов Жалағаш ауданы бойынша «Халықпен бірге» сайлау алды бағдарламасын іске асырудың Жол картасының орындалуы туралы хабарлама жасады.

«2023 жылғы ауданның бюджеті 9,2 млрд. теңге болып бекітілген болатын.
Ауданға қосымша бөлінген нысаналы трансферттер арқылы аудан бюджетінің көлемі 10 млрд. 645 млн. теңгеге жетті.
Бұл ретте ауданның жергілікті салық түсімдерінің жоспара 2,0 млрд. теңге құраса, бүгінгі күнге 1 млрд. 436 млн. теңгеге орындалды. Жылдың қорытындысымен жоспар толық орындалатын болады.
10 айдың қорытындысымен шығыстар жоспары 7 млрд. 693,3 млн. теңге құрап, 100% орындалы.
Аудан бойынша барлық бағыттар бойынша өсу динамикасын жалғастырып, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда негізгі әлеуметтік-экономикалық даму индикаторларына қол жеткізілді»,- деді аудан әкімі Ардақ Ибраимов.

2022 жылы «Жалағаш ауданын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған перспективалық іс-шара жоспары» әзірленіп, бекітілді.
Іс-шара жоспарында білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, мәдениет және спорт салаларын дамыту, жолдармен және ішкі көшелерді жөндеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету және инженерлік – коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту, сондай-ақ, жарықтандырумен абаттандыруға бағытталған жалпы құны 11,4 млрд. теңгені құрайтын 137 жоба енгізілді.

Перспективалық іс-шара жоспары аясында ағымдағы жылы бюджет қаражаты есебінен 34 жобаны іске асыруға 5,4 млрд. теңге бөлінді.
Оның ішінде, республикалық бюджеттен 3,1 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 2,2 млрд. теңге, аудандық бюджеттен 164,5 млн. теңге.

Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры есебінен халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына 51 тұрғын үй сатып алуға 480,0 млн. теңге бөлініп, оған қосымша облыстық бюджеттен 48 млн. теңге қоса қаржыландырылды. Қазіргі таңда жеке кәсіпкерлер арқылы аудан орталығынан тұрғын үйлердің құрылыстары жүргізіліп, сатып алу бағытында тиісті жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың мамыр айында ұзақ жылдар бойын тоқтап тұрған «БИС-Групп» ЖШС-ның қызыл мия тамырын өңдеу зауыты қайта іске қосылып, 45 адам жұмыспен қамтылды.
Бұдан бөлек Жалағаш кентінен жалпы құны 200,0 млн. теңгені құрайтын 120 орындық типтік жобадағы «Жеті-қазына» жеке балабақшасы пайдалануға беріліп, 18 жаңа жұмыс орны ашылды.
«Серпін» аграрлы-индустриалды аймағынан «Сыздық» шаруа қожалығының құны 100,0 млн. теңгені құрайтын күріш ақтау және жем өндіру зауыты іске қосылып, 8 адамды жұмыспен қамтып отыр. Зауыт тәулігіне 60 тонна күріш ақтайды.

 Ауыл шаруашылығы саласы бойынша ауданда барлығы 330 шаруашылықтың 194-і егінмен айналысады.
Биылғы жылы барлығы 37 079 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді.

Ауданда жеке тұрғындар тарапынан картоп, көкөніс, бақша дақылдарын орналастыруға 500 гектар жер дайындау жұмыстары жүргізіліп, дайындалған жерге 921 отбасы 217,3 га картоп, 63 га көкөніс, 219,7 га бақша дақылдарын, сондай-ақ, «Ер-Әлі» шаруа қожалығы егінді әртараптандыру бағытында 7,5 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен картоп, 2,5 гектар жерге бақша дақылдарын орналастырылып, уақытылы жинап алды.
Егін шаруашылығымен бірге аудан экономикасының негізгі резервінің бірі мал шаруашылығы да тұрақты дамуда.
Аудан көлемінде барлығы 40 468 бас мүйізді ірі қара, 42 288 бас уақ мал, 23 049 бас жылқы, 801 бас түйе, 10 724 бас құс өсірілуде.
Өткен жылмен салыстырғанда МІҚ – 105,9 %, жылқы – 109,9%, түйе – 109,3%, уақ мал – 97,6%, құс – 101,0% өсті.
Есепті кезеңге 3 147,6 тн (тірілей салмақта) ет, 9 158,7,0 тн сүт, 195,9 мың дана жұмыртқа өндіріліп, ет – 101,6%, сүт – 101,2%, жұмыртқа 100,9 пайызға артты.
Аудан бойынша 4 шаруашылық асыл тұқымды мүйізді ірі қара, 3 шаруашылық асыл тұқымды қой малын өсірумен айналысуда.

Жер қатынастары саласы бойынша
Жалағаш ауданының жер қоры 2 873 640 гектарды құрайды.
Ауданда ауыл шаруашылығы жерлері бойынша биылғы жылы көлемі 5 148 гектар жер учаскелері конкурс арқылы айналымға енгізілді.

Сонымен қатар, елді мекендердегі жер учаскелерін сатудан аудан бюджетіне 23,1 млн. теңге қаржы түсірілді.
Пайдаланбаған жайылымдық жерлерге талдау жұмыстары жүргізіліп, мақсатты пайдаланылуы қатаң бақылауда.
2023 жылы мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылған барлығы 44 106 гектар жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның 619 гектары елді мекен тұрғындарының мал жайылымы үшін қалдырылды.

Кент, ауылдық округтерді тұрақты аяқ сумен қамтамасыз ету бойынша ауданнан арнайы жұмысшы тобы құрылып, зерделеу жұмыстары жүргізілді.
Нәтижесінде, елді мекендер бойынша қайта қазуды және қайта тазартуды, су тартатын насостар қажетті аймақтар нақтыланды.
2020-2022 жылдары облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы арқылы Жалағаш кенті және 5 елді мекенге 11 насос, биылғы жылы Мәдениет ауылына 2 су тартқыш насос алынды.

Ағымдағы жылы Жаңадария елді мекеніндегі «Іңкәр» каналын, М.Шәменов елді мекеніндегі «Жолдас арық» каналына, Қаракеткен елді мекеніндегі «Бекбай» каналына тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, Аққыр елді мекенін аяқ сумен қамту үшін 12,3 шақырым канал қазу және насос орнату жұмыстарын жүргізу үшін ЖСҚ әзірлеуге облыстық бюджеттен 12,4 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда сараптамадан өтуде.
Су көздерінен алыс жатқан Жаңаталап және Қаракеткен елді мекендерін аяқ сумен қамту үшін техникалық су ұңғымасын бұрғылау жұмыстарына облыстық бюджеттен 82,6 млн. теңге бөлініп, 5 техникалық су ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары аяқталып, қабылдау комиссиясы түгендеу жұмыстарын жүргізуде. Жалағаш кентін аяқ сумен қамтамасыз ету үшін аудандық бюджет есебінен 4 млн. теңгеге Дәуімбай елді мекенінен 3 жерге және демеушілер есебінен 5 жерге су тарту насосы орнатылды.

 Жалағаш ауданының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 240,9 шақырымды құрайды.
Оның 50 шқ республикалық, 60,6 шқ облыстық, 130,3 шқ аудандық маңызы бар автомобиль жолдары.
Аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының 113,7 шақырымы немесе 87,3% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда, 16,6 шақырымы немесе 12,7% қанағаттанарлықсыз жағдайда.
Сонымен қатар, аудан бойынша ұзындығы 239,4 шақырымды құрайтын 222 көше бар.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен 2 млрд. 512,8 млн. теңге қаржы бөлініп, жол жөндеу бағытында 11 жоба іске асырылды.

 Жалағаш кентінен темір жол арқылы жаяу жүргіншілер өтуге арналған аспалы көпір құрылысына облыстық бюджет есебінен 325,4 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мердігер «Гүлнұр МК» ЖШС. Қазіргі таңда металл бұйымдарын орнату және сырлау жұмыстары жүргізілуде. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Сонымен қатар, Сырдария өзені арқылы өтетін «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолының 78,2 шақырымындағы көпір орташа жөндеуден өткізілді. Бүгінгі күнге жөндеу жұмыстары аяқталып, нысан толық қабылданды.
Одан бөлек, жол жөндеу бағытында құны 7,1 млрд. теңгені құрайтын 22 жобаны қаржыландыру үшін облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына бюджеттік өтінімдер тапсырылды.

Жалағаш кентінде орталықтандырылған газ желісі 2021 жылдың шілде айында пайдалануға берілді.
Қазіргі таңда Жалағаш кентіндегі 2740 тұрғын үй және 19 әлеуметтік, 119 кәсіпкерлік нысандары орталықтандырылған газ желісіне қосылған.Бұл аудан халқының 38,2 пайызын құрайды.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен Ақсу және М.Шәменов елді мекендеріне газ желісін тарту жұмыстарын бастауға 40,0 млн. теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары аяқталып, құрылыс жұмыстары басталуда. Жоба 2024 жылға өтпелі. Мердігер «AЭS and Limited» ЖШС.
Әлеуметтік нысандардың жылу жүйелерін табиғи газға ауыстыруға «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында республикалық бюджеттен 25,5 млн. теңге бөлінді. Бөлінген қаржыға «Наркескен» спорт клубы мен аудандық кітапхана ғимараттарының жылу қазандықтары газға ауыстырылып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, аудан әкімдігі ғимаратының жылу жүйесін газға ауыстыру жұмыстарына аудандық бюджеттен 12,0 млн. теңге қаржы бөлініп, «Компания ГазСтрой» ЖШС арқылы құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, ғимараттың бу қазандығы табиғи газға қосылды.
Бұдан бөлек, Жалағаш кентіндегі «Ақтерек» учаскесіндегі жаңа тұрғын ауданын газбен жабдықтау жүйесінің құрылысына республикалық бюджет есебінен 603 млн. теңге қаржы бөлініп, қазіргі таңда газ құбырларының желісі тартылуда. Құрылыс жұмыстары бүгінгі күнге 90 пайызға орындалып тұр.

Сондай-ақ, 2 әкімшілік ғимараттың жылу жүйелерін газ отынына ауыстыру жұмыстарына ЖСҚ әзірлеп, 18,8 млн. теңгеге бюджеттік өтінім тапсырылды.
Биылғы жылы облыстық бюджеттен 7,2 млн. теңге және аудандық бюджеттен 6,4 млн. теңге қаржы бөлініп, 2 мектеп және 1 әкімшілік ғимараттың жылу жүйелерін табиғи газ отынына ауыстыру жұмыстарына ЖСҚ әзірленуде.

Жалағаш ауданы бойынша электр желілерінің жалпы ұзындығы 457,5 шақырым, электр жүйелерінің орташа тозу деңгейі 45,2 пайызды құрайды.
Өткен жылы демеушілердің қолдауымен аудан бойынша 5 елді мекенінің электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарына жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің нақтылауына ұсынылған болатын.
Оның, биылғы жылы Ақсу, Қаракеткен елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарына республикалық бюджеттен 270,3 млн. теңге бөлінді.

Қазіргі таңда, Қаракеткен ауылдық округінің электр желілерін қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, Ақсу ауылдық округінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.
Аталған жобалар іске асырылған жағдайда аудан бойынша электр желілерінің тозу деңгейі 45,2 пайыздан 32,9 пайызға дейін төмендеуі күтілуде.
Сондай-ақ, Мырзабай ахун, Т.Жүргенов, Есет батыр елді мекендерінің электр желілері қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізуге. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне 936,3 млн. теңгеге бюджеттік өтінімдер ұсынылды.
Сонымен қатар, «Ақтерек» учаскесіндегі инженерлік инфрақұрылымның электрмен жабдықтаудың екінші кезеңіне қаржыландыруға 1 млрд 65,5 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

 Халықты таза, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету-басты назарда тұрған міндеттердің бірі.
Қазіргі таңда аудан тұрғындары 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.
Ағымдағы жылы Аққұм, Мәдениет елді мекендерінің ауыз су жүйесін кеңейту және «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысы мен сумен жабдықтау жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, пайдалануға берілді.
Сонымен қатар, Есет батыр елді мекенінің ауыз су жүйесінің кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін жоба-сметалық құжаттар әзірленіп, 388,1 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жолданды.

Аудан бойынша жалпы жұмыссыздық деңгейі 5,1 пайызды, жастардың жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды.
2023 жылы 1928 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланып, ағымдағы жылғы 10 ай қорытындысымен жылдық жоспар 98,4 пайызға орындалды немесе 1898 жаңа жұмыс орны, оның ішінде 576-і тұрақты.

 Ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған түрлі форматтағы 619 мәдени және спорттық іс-шаралар өткізілді. Мәдениет үйлері мен клубтарының көркемөнерпаздары облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардан 64 жүлделі орынды иеленді.
Ауданда есепке алынған 71 тарих және мәдениет ескерткіштердің 1 республикалық маңызы бар, 30 жергілікті маңызы бар, 40-ы алдын-ала есепке алу тізіміне енгізіліп, 17 ескерткішке QR-код тақтайшалары орнатылды.

Мәдениет саласының инфрақұрылымын дамыту мақсатында Мырзабай ахун,Аққыр, Қаракеткен, Жаңаталап елді мекендерінен клуб ғимараттарының құрылысын жүргізу үшін әзірленген жоба-сметалық құжаттары мемлекеттік сараптамадан өткізіліп, тиісті басқармаларға қаржыландыруға ұсынылды.

Сонымен қатар, Т.Жүргенов және Бұқарбай батыр ауылдық мәдениет үйі ғимараттарын күрделі жөндеу үшін аудандық бюджеттен 6,1 млн. теңгеге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, сараптамада қаралуда.

Спорт саласындағы негізгі басымдық бұқаралық спортты дамыту, халықты дене шынықтырумен жүйелі айналысуға тарту және салауатты өмір салтын насихаттау болып табылады.
Салауатты өмір салтын насихаттауға және бұқаралық спортты, оның ішінде ұлттық спорт түрлерін дамытуға бағытталған 1 республикалық, 6 облыстық, 71 аудандық спорттық іс-шаралар өткізілді.
Бүгінгі күні дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 13 500 адамды немесе аудан халқының жалпы санының 38% құрайды.
Аудан спортшылары ҚР, Азия және әлемдік чемпионаттар мен облыстық жарыстарда әр түрлі деңгейдегі 340 медальді жеңіп алды.

Ауданда 130 төсектік аудандық орталық аурухана, аудандық емхана, 12 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет,2 медициналық бекет медициналық қызмет көрсетеді.
Аудан бойынша 610 бала дүниеге келіп, сәби өлімінің 5 жағдайы тіркеліп, ана өлімі тіркелмеген.
Аурулардың негізгі себептерінен болатын өлім-жітімнің өсу қарқынын төмендету бойынша жұмыс алдағы жылы да жалғасатын болады.
Сонымен қатар, бірінші кезекте, біз халықтың медициналық көмектің нақты түрлеріне сұранысын ескере отырып, денсаулық сақтау инфрақұрылымын жетілдіруді жалғастыратын боламыз.

Биылғы жылы республикалық бюджеттен 752,8 млн. теңге бөлініп, Мырзабай ахун және Есет батыр елді мекендерінен дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілуде.
Мырзабай ахун ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысының мердігері «Бақ-Береке 2030» ЖШС болып анықталды. Қазіргі таңда, салынған ғимараттың сыртын қаптау, ғимарат ішін әрлеу жұмыстары жүргізілуде.
Есет батыр ауылында дәрігерлік амбулатория құрылысының мердігері «Асар» ЖШС болып анықталған. Қазіргі таңда, ғимараттың сыртын қаптау, шатырлау және ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде.

Ауданның білім беру саласында барлығы 59 білім беру ұйымдары жұмыс істейді.
2023-2024 оқу жылында мектеп оқушыларының контингенті барлығы 7 063 оқушыны құрайды. 2023 жылы аудандағы №123 мектеп-лицейге қосымша 200 орындық ғимарат салуға және №31, №33 мектептерді күрделі жөндеуден өткізуге жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, облыстық білім басқармасына 1 млрд. 971 млн. теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылды.

Бұдан бөлек, «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында Жалағаш кенті орталығынан 300 орындық жаңа мектеп құрылысын салу жоспарлануда. Қазіргі таңда 2,5 га жер телімі белгіленді. Мектеп құрылысы 2024 жылы басталады деп күтілуде.

Биылғы жылы демеушілер есебінен жалпы құны 605,0 млн. теңгені құрайтын 19 жоба іске асырылуда.

БӨЛІСУ