Қызылорда облысының 85 жылдығы және «Алтын Дән-2023» салтанаты шарасы аясында бүгін аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ветеринариялық ұйымдарға жаңа қызметтік автокөліктердің кілтін табыстады.

Аймақ басшысы салтанатты шараға қатысушыларды айтулы мерекемен құттықтап, өңірдің эпизоотиялық ахуалын сақтауда және тамақ қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ветеринариялық ұйымдардың еңбектері орасан зор екендігін тілге тиек етті.
-«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ветеринария саласын жетілдіруге аса үлкен мән берді.

Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Бұл, түптеп келгенде ауылдағы ағайынның әл-ауқатына және облыстың агроөнеркәсіп саласының дамуына тікелей оң әсер етеді.
Үстіміздегі жылы, аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға бөлінген ветеринариялық препараттар облысқа толық жеткізіліп, бүгінгі күні, бекітілген жоспарға сәйкес алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде.
Облыста соңғы жылдары ауыл шаруашылығы жануарлары арасында аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпизоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.

Ветеринариялық іс-шараларды сапалы атқару мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 73,0 млн.теңге қаржы бөлініп, ветеринариялық ұйымдар 140 дана компьютер мен 140 дана термочемоданмен қамтамасыз етілді.
Ағымдағы жылы, материалдық-техникалық базаны жаңартуға 249,8 млн. теңге қаржы бөлініп, 30 дана автокөлік, 23 дана компьютер, 23 дана термочемодан сатып алынып табысталуда.
Бұл жүйелі жұмыстар келер жылы да жалғасын табатын болады – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

БӨЛІСУ