Жалпы сан алуан дау-жанжалдарды, тіпті орта дәрежелі қылмыстық істерді де сотқа жеткізбей, бейбіт жолмен шешу елімізде кең тараған үрдіс. Әсіресе билер институтын медиация мүмкіндіктері арқылы заманауи жаңғырту, әділетті мемлекет, біртұтас ұлт, берекелі қоғам қалыптастырудағы медиацияның рөлін арттыру мақсатында Сыр өңірінде ауқымды шаралар өтуде. Соның бірі Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен «МЕДИАЦИЯ – АЗАМАТТЫҚ ҚОҒАМНЫҢ ЖАҢА САТЫСЫ» тақырыбындағы кездесуі.

Бұл кездесудің мақсаты тәжірибе алмасу, еліміздегі медиация институтын дамытудың жолдарын саралау, медиаторлар арасында кәсіби байланыстарды дамыту және Қазақстан халқы Ассамблеясы медиация құрылымының мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтымен өзара іс-қимылының негізгі тетіктерін талқылау.
Медиаторлар бас қосқан кездесуде облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, шара модераторы Уалихан Ибраев өңірдегі бітімгерлік бағытында атқарылған толымды жұмыстарды сөз етті. «Жалпы бітімгерлік – адамдар арасындағы сыйластықты, татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл десек, медиатор – екі тараптың арасындағы алтын көпір іспетті. Мұндай жандардың қоғамдағы маңызы зор, еңбегі орасан», – деді.
Шара барысында жыл көлемінде атқаралып жатқан жұмыстар туралы облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің үйлестірушісі Ш. Абдраманова баяндама жасады.
Жаңақорған аудандық қоғамдық медиатор А. Жәнібеков, Шиелі ауданы, Ы.Жақаев атындағы № 244 орта мектеп мұғалімі А. Жанділдаев (Облыстық мектептік медиация бағытындағы оқушылар арасындағы ғылыми жоба байқауы жеңімпазының жетекшісі), облыстық ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің мүшесі, «Бітім» медиация орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Ж. Мейрамбекқызы және «Ақиқат нұры» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор М. Нұржанов т.б татулық пен берекені, елдің тұтастығын сақтаудағы ең ұтымды тәсіл – бітімгерлік бағытын дамытып, нығайтуда атқарылып жатқан толымды жұмыстарға тоқталып, өздерінің ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Кездесу соңында Қазақстан халқы бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуда қосқан елеулі үлестері үшін бірқатар медиаторлар облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының алғыс хатымен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінгі күні облыс көлемінде 2023 жылы облыстық ҚХА-мен бірлесіп жұмыс атқаратын 45 медиатордың, кеңес құрамында 14 медиатордың тізімі жасақталған.
Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы тарапынан мүдделі мемлекеттік құрылымдармен бірлескен түрде өңірде медиация институтын ілгерілетуге және дауларды соттан тыс шешу жолдарын насихаттау бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылды. Есепті мерзімде ҚХА медиаторларына барлық келіп түскен өтініштер бойынша барлығы 92-ден аса, оның ішінде этносаралық даулар орын алған жоқ.
Жыл басынан облыс көлемінде медиацияға қатысты 123 түрлі форматты кездесулер, жиындар, ашық есіктер мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылса, аталмыш шараларға 6180-нен астам тұрғын қамтылды.

БӨЛІСУ