Ағымдағы жылдың 2 қарашасында өткізілген Әдеп жөніндегі кеңес отырысының күн тәртібінде 6 мәселе қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселемен ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралып, аталған тұлғаның әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған үшін оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Екінші мәселемен Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысына қатысты тәртіптік іс қаралып, аталған тұлғаға кеңес шешімімен Әдеп кодексінің талаптарын сақтамағаны үшін «ескерту» түріндегі тәртіптік жазаны қолдану ұсынылды.
Үшінші мәселемен Қызылорда қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысына қатысты тәртіптік іс қаралып, аталған тұлғаның әрекетінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасаған үшін оған «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.
Келесі мәселемен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамалары, Әдеп кодексі бұзушылықтарының профилактикасы бағытында атқарған жұмыстарының нәтижелері қаралып, мемлекеттік органға кеңес мүшелері тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді.
Күн тәртібіндегі келесі мәселелермен 2023 жылдың ІІІ тоқсанындағы мемлекеттік органдардың тәртіптік тәжірибесін талдау қорытындылары негізінде тәртіптік комиссиялардың жұмыс нәтижелері, сондай-ақ 2022 жылы мен 2023 жылдың 1 жартыжылдығы нәтижелері бойынша жергілікті атқарушы органдардағы мемлекеттік қызметшілердің материалдық жауаптылығы мәселелері бойынша мемлекеттік қызмет саласындағы заңнама талаптарының сақталуына жүргізілген талдау қорытындыларының нәтижелері қаралып, мемлекеттік органдарға кеңес мүшелері тарапынан тиісті ұсыныстар енгізілді.

БӨЛІСУ