Қызылорда облысы Полиция департаментінде полицейлерге құқықтық дайындық шеңберінде сот-процестік заңнама талаптары түсіндірілді.
Заңдылықты қатаң сақтау — құқық қорғау органдарының беделін арттырудың басты шарты. Осы орайда бүгін Қызылорда облысы ПД-де ішкі істер органдарының, әсіресе тікелей халықпен жұмыс істейтін патрульдік, учаскелік, ювеналдық полиция қызметкерлерінің құқықтық сауаттылығын және құзыреттілігін арттыру бойынша кезекті құқықтық дайындық сабағы өткізілді.
Мұндай сабақтар үнемі өткізіліп тұрады. Тәртіп сақшыларының дене шынықтыру және атыс дайындығымен қатар, құқықтық білімдерін де үнемі жетілдіріп отырады.
Сабаққа Қызылорда облысы ПД Жергілікті полиция қызметі, Әкімшілік полиция басқармаларының және рота, қалалық патрульдік батальон қызметкерлері, учаскелік, ювеналдық полиция инспекторлары қатысты.
Бұл жолы олардың алдында Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандырылған сотының төрағасы Шамшиев Рысдаулет Бекманұлы, судья Абдукаликов Олжас Исаұлы және облыстық психикалық денсаулық орталығы директорының орынбасары Тұрсынов Аман Бөкенбайұлы сөз сөйледі. Кездесуге шақырылған спикерлер азаматтардың конституциялық құқықтарын бұзуға жол бермеуге бағытталған заңнамалық шараларды егжей-тегжейлі қарастырып, Жоғарғы сот қаулыларының талаптарын жеткізді, заңсыз іс-әрекеттері үшін жауапкершілік туралы еске салып, мемлекет көздеген адамның конституциялық құқықтарын қорғау тетіктері туралы айтты. Сабақ барысында адамның құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау тұрғысынан, әсіресе сервистік полиция қағидаттарын іске асыру тұрғысынан ең өзекті тақырыптар қозғалды. Сабаққа қатысушылар тыңдалған баяндамалар негізінде тәжірибе алмасты.
«Облыстық полиция департаментінің басшылығы полиция қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға көп көңіл бөледі. Этикалық нормалардың және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес заңнамасының талаптарын сақтау мәселелері бойынша да сабақтар өткізілуде. Барлық деңгейдегі басшылар жеке құраммен жеке-тәрбие жұмысын нығайтып, оларға заңнаманы және лауазымдық нұсқаулықтарды бұзғаны үшін қарастырылатын жауапкершілік туралы жеткізуде,» – деп атап өтті департамент бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Шамшидин Амитов.