Облыстық мәслихат депутаты, Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы Б.Сандыбаевтың төрағалығымен VIII шақырылған облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының бірлескен отырысы болып өтті. Бірлескен отырысқа облыс әкімінің орынбасарлары М.Шермағанбетов, Д.Жаналинов, облыстық мәслихат төрағасы Н. Байқадамов және облыстық мәслихат депутаттары, тиісті басқарма басшылары мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Алдымен күн тәртібіндегі облыстық білім басқармасы басшысының есебі туралы және облыстық әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның дербес құрамын бекіту туралы 2 мәселе бойынша басқарма басшысы А.Есжановтың баяндамасы тыңдалды.
Баяндамадан соң, халық қалаулылары аталған мәселе бойынша көкейдегі сауалдарын қою жөнінде ұсыныстарын білдірді.
Атап айтсақ, А.Абибуллаева мектептердегі ерте жүктілік ахуалы, төбелесу фактілерінің алдын-алу, инклюзивтік білім беру бағытындағы мәселелер, мектепке дейінгі білім беру орындарының, балабақшалардың жай-күйі, күрделі жөндеу жұмыстары мүлдем жасалмаған санаторлық типтік балабақшалар мен мектептердің ішінде пәндік үйірмелердің жұмысы туралы ақпарат керектігін, М.Жұмашев бастауыш сыныптардағы ыстық тамақ мәселесі мен сұйық отын пайдаланатын алыс-шалғай мектептердің жай-күйі, Н.Бақытбекұлы үш ауысымдық мектептерді екі ауысымға өткізу, Е.Қалиев кәмелетке толмағандар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықтың, буллингтің, суицидтің алдын алу бойынша қандай кешенді шаралардың атқарылып жатқандығы туралы, І.Тілеп Қазалы ауданындағы «Шағала» балалар тынығу лагерінің орнына жаңа лагерь құрылысын салу, Сапақ ауылындағы және Ақшатау елді мекеніндегі мектеп мәселесі, Арал ауданындағы өнер мектебіне қосымша қаржы қажеттігі туралы мәселелерді көтерді.
Ал депутат Б.Шәменова мектептердегі Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру бойынша оқушылардың төмен балл алу мәселесі, Ж.Ысқақ қаржы мәселесі шешілмей келе жатқан Жаңақорған ауданы, Бірлік ауылындағы балабақша, одан бөлек, сол ауылдағы құрылысы аяқталмай қалған №73 мектеп жайын, Ж.Нұрымбетов салынатын 2 апаттық және 4 апаттық жайлы мектептің қай аудандарда салынатындығы жөнінде, 6 үш ауысымдық мектеп құрылысының қай мерзімде бітетіндігі туралы, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов жеке меншік мектептердің орналасуын реттеу, мектептерде берілетін ыстық тамақты қадағалау мәселесі, Н.Әмитов Жаңақорған ауданы, Билібай елді мекенінде мектепке қосымша құрылыс және асхана, спорт кешені қажеттігі және Қожакент елді мекеніндегі орта мектеп құрылысы, С.Мұстафа денешынықтыру сабағына қатысты қажетті құрал-жабдықтар мен балалар тынығатын лагерьлердің спорттық инвентарларына көңіл бөлінсе деген талап-тілектерін жеткізді.
Депутаттар тарапынан болған сауалдарға өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары М.Шермағанбетов пен облыстық білім басқармасының басшысы А.Есжанов тиісті жауаптарын берді.
Сондай-ақ, күн тәртібіне ұсынылған 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы шешіміне өзгерістер енгізу; облыстық және аудандық бюджеттер, облыстық маңызы бар қала бюджеті арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы; облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы облыстық комиссияның құрамын бекіту туралы; облыс әкімдігі жанындағы құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамын бекіту туралы; облыс әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы шешіміне өзгеріс енгізу; облыста ортақ су пайдаланудың қағидаларын бекіту туралы шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу; облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күшін жою туралы; мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану төлемақысының ставкаларын бекіту туралы; облыс бойынша тексеру комиссиясының мүшесін тағайындау туралы және өзге де мәселелер бойынша тиісті басшылардың хабарламалары тыңдалды.
Отырыс соңында күн тәртібіне ұсынылған 12 мәселе бойынша шешім жобасын сессия қарауына жіберу туралы бірауыздан қаулы қабылданды.

БӨЛІСУ