Қызылорда облыстық мәслихатының Экология, өндіріс, шаруашылық және кәсіпкерлікті дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Б.Сандыбаевтың төрағалығымен тұрақты комиссия отырысы өтті. Аталған отырысқа облыстық мәслихат депутаттары Б.Махашов, М.Жұмашев, Ж.Нұрымбетов, А.Рахметов, Д.Жұмбеков, Е.Қалиев, Н.Имандосов, облыстық мәслихат аппаратының басшысы Ж.Досжан, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы С.Аңсат, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы М.Құрманбаев және басқарманың тиісті сала мамандары қатысты.
Тұрақты комиссия отырысының күн тәртібінде:
облыста индустриялық-инновациялық, кәсіпкерлік және туризмді дамытуға байланысты және Байқоңыр қаласындағы кәсіпкерлікті қолдау, дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы;
облыстың мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалану төлемақысының ставкаларын бекіту туралы;
облыстық мәслихаттың кейбір шешімдерінің күшін жою туралы;
облыстық мәслихатының аппараты мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штаттық кестесін бекіту туралы 4 мәселе қаралды.
Айта кетсек, күн тәртібіндегі жоспарлы 1 мәселе бойынша атқарылған жұмыстардың жай-күйімен танысу мақсатында комиссия төрағасы Б.Сандыбаев және комиссия мүшелері Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария және Шиелі, Жаңақорған аудандарына арнайы жұмыс сапарымен барып, мемлекеттік бағдарламалар негізінде қолдау тауып жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлік нысандарының жұмысымен танысып қайтқан болатын.
Комиссия отырысында облыста индустриялық-инновациялық, кәсіпкерлік және туризмді дамытуға байланысты және Байқоңыр қаласындағы кәсіпкерлікті қолдау дамыту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы С.Аңсат баяндама жасады.
Баяндамадан соң, облыстық мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар сауалдар көтерілді.
Атап айтсақ, Ж.Нұрымбетов шағын және орта бизнеспен айналысып жүрген азаматтарды қолдау мақсатындағы шаралар, оларға берілетін несие, оның ішінде кепілдік мүлкі жетіспейтін азаматтарға жеңілдетілген несиені алуға жағдай жасау, шағын және орта кәсіпкерлерді дамыту бағыты бойынша жер телімін беру, жерді бөлу мәселесін шешу туралы, депутат Е.Қалиев Байқоңырдағы кәсіпкерлік мәселесіне қатысты, қосарланған салық салу мәселесін шешу немесе кәсіпкерлердің жағдайын жеңілдету жөнінде арнайы шаралар ұйымдастыру туралы және Н.Имандосов баяндамада көрсетілген Арал теңізінің жағалауында туристік орындарды ашпас бұрын, жергілікті кәсіпкерлермен алдын ала зерттеп зерделеу, талқылау жұмыстарын жүргізу туралы және т.б депутаттар өз ұсыныс-пікірлерін айтып, басқарма басшысы тарапынан тиісті жауаптар берілді.
Одан бөлек, күн тәртібіндегі өзге де мәселелер бойынша басқарма басшыларының баяндамалары тыңдалып, егжей-тегжейлі талқыланды.
Комиссия отырысының соңында халық қалаулыларының ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, күн тәртібіне ұсынылған мәселелер бойынша шешім жобасы тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына ұсынылды.

БӨЛІСУ