Құмар ойынның бүгінгі күннің ең өзекті мәселесі екеніне ешкім дауласа қоймас. Себебі соңғы екі жылда құмар ойындар нарығы жылжымайтын мүлік нарығын басып озған. Тіпті, лудомания термині тектелген бұл індет жаңа қоғамның дерті ретінде тіркеліп, құмарға салынғандарға медицина мамандарының тікелей көмегі қажет болады.

Бүгін осы мақсатта Қазалы гуманитарлы – техникалық колледжінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Азарттық ойындар, лудомания – қоғам дерті» тақырыбында сала мамандарының қатысуымен талқылау жиыны өтті. Құмар ойынға салынған жастарды анықтау, себебі мен салдары, онымен күрес әрі психологиялық көмек көрсетудің тиімді жолдары сараланған жиынға «Әли-Муса» мешітінің имамы Дүйсенбаев Нұрхан Дүйсенбаев, Қазалы ауданы полиция бөлімі жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің Ювеналды полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Бегалиева Махаббат Төлепбергенқызы Теміржол ауруханасының психолог дәрігері Курманаева Нұрсұлу, «Жастар Денсаулығы орталығының” маманы Мәдина Едігеқызы және Qazaly Jastar Resurstyq Ortalygy директоры Нұрбек Ақпанбетов қатысып өзекті тақырыпты сан қырынан талқылап, мәселенің шешу жолдарын қарастырды.

Сала мамандары құмарға құныққан жастарға ең алдымен психологиялық көмек көрсетудің маңыздылығына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстарды шешу үшін Заңды күшейту, өзгерістер енгізу мәселесін көтерді. 21 жасқа толмаған ел азаматтарына банк жүйесінде шектеулер қойылып, несие бермеу мәселесі ұсыныс негізінде жолданып, алдағы уақытта нақты нәтижелерге жету көзделіп отыр.

Сонымен қатар, отбасындағы тәрбие, жасөспірім шақ психологиясы, суицид, смартфонның пайдасы мен зияны, еліктегіштік мәселелері, жастар арасындағы жұмыссыздық тақырыптары кеңінен сөз болды.

Қазіргі таңда ойын жарнамалары кез келген онлайн платформада қолжетімді. Жарнамасы жер жарып, заңдық тұрғыда ешқандай тосқауыл болмаған соң, елдегі ересектер ғана емес, жастар да құмар ойынға тәуелді болып барады. Әлеуметтік статусы әртүрлі жастарға жан-жақты көмек беру бүгінде ең басты мәселеге айналып үлгерді. Ал ол үшін түгел қоғам мүдделі екенін естен шығармаған абзал.

БӨЛІСУ