Биылғы жылдың 6 қарашасында қалалық мәслихаттың кезектен тыс 9-шы сессиясы өтті. Сессияның күн тәртібіне:

«2023-2025 жылдарға арналған қалалық бюджет туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2022 жылғы 21 желтоқсандағы №198-28/2 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
«Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның құрамын бекіту туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2023 жылғы 14 қыркүйектегі №61-8/3 шешіміне өзгерістер енгізу туралы;
«Қызылорда қаласы әкімдігінің дербес құрамын келісу туралы» Қызылорда қалалық мәслихатының 2021 жылғы 21 сәуірдегі №43-6/12 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» мәселелер қаралып, шешімдер қабылданды.
Сессияның күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты қала әкімінің орынбасары Д. Тұрсынбаев, қала әкімі аппаратының басшысы Ж.Абатов, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова хабарлама жасап, сұрақтарға жауап берді.
Қалалық бюджет жобасына сәйкес, қалалық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Г.Баймаханова мемлекет мұхтаждығына кейбір жер учаскелерін қайтару, түнгі жарық бағаналарын қалпына келтіру, қаланы көгалдандыру мен абаттандырумен айналысатын «Жасыл Қызылорда» мекемесінің құрылуы, Қызылөзек ауылдық округіндегі «Қожақ» автомобиль көпірін күрделі жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сараптама қорытындысын алу жұмыстарына және басқа да мақсатта қаржылар бағытталып отырғандыған жеткізді.
Сонымен бірге, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен қала бюджеті ұлғаюда. Бұл мақсатта, мүгедектігі бар адамдарға берілетін жөргектер санының 2-ден 4 данаға дейін көбеюіне байланысты, санаторлы-курорттық емделу қызметін алатын мүгедектігі бар адамдарға ілесіп жүрушілердің шығындарын өтеуге әлеуметтік көмек, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаішілік аумақтарын күрделі жөндеу,
кәріздік сорғы станцияларын қайта құру және жаңарту жобалары, «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында елді-мекендердің әлеуметтік, инженерлік-инфрақұрылымын дамыту, Қосшыңырау ауылдық округінің Абай, Досан елді-мекенінде газ құбыры желілерін салу, қала көлеміндегі бірнеше маңызды көшелерді абаттандыру, баспанаға мұхтаж азаматтарға баспана сатып алу, апатты үйлердің орнына жаңа пәтерлер сатып алу жобаларына және басқа да бағытта қаржылар бағытталды.

Сессия барысында депутаттар елді-мекендердің аяқ-сумен қамтамасыз ету, «Шұғыла» тұрғын-ауданындағы үш көп қабатты үйді жаңғыртудан өткізу мәселелері, «Қойсары» батыр көшесіндегі кәріз-су желісін теңгерімге алу туралы мәселелер көтерді.

Сессия отырысына қала әкімі А.Шаменов, қала әкімінің орынбасарлары, аппарат басшысы, құқық қорғау органдары, дербес бөлімдер мен мекеме басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сессия барысында қала әкімі А.Шаменов қалада атқарылатын жұмыстардың барысын хабарлап өтті.
“Облыс басшысының қолдауымен қаладағы Сұлтан Бейбарыс, Желтоқсан көшелері, Абай даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолы, Саламатов және Журба көшелері қилысында орналасқан аллея жобасының құрылысы бастау алады.
Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи көшесін Ә.Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін қайта жаңғыртуға қаржы қаралып отыр. Қаланы көгалдандыру жұмысын оңтайландыру мақсатында «Жасыл Қызылорда» мекемесі құрылуда.
Қазіргі таңда қала бойынша апатты деп танылған
48 үй бар. Жыл басынан бері облыстық бюджеттен
қаржы бөлініп, Сырдария өзенінің сол жағалауынан 39 пәтер сатып алынса, тағы 54 пәтер сатып алу жоспарлануда» – деді қала басшысы.
Сессияға қалалық мәслихат төрағасы И. Құттықожаев төрағалық етті.

БӨЛІСУ