Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тоқсан сайын тұрғындармен кездесу жалғасын тауып келеді. Соған сәйкес бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Бозкөл, Тасарық және Кәукей ауылдық округтеріне арнайы барып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Кездесулерде аудан басшысы жыл басынан бері ауданда атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, алдағы жоспарларымен де бөлісті. Сондай-ақ, Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдығымен құттықтады.

Бозкөл ауылындағы жаңадан бой көтерген дәрігерлік амбулаторияның алдында өткен кездесуде тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын аудан басшысының назарына ұсынды. Атап айтар болсақ, бозкөлдіктер балабақша және жол қауіпсіздік кедергісін мектеп пен дәрігерлік амбулаторияның алдына орнату қажеттігін айтты.

Аудан басшысы ауыл халқының тарапынан қойылған сұрақтарға жеке-жеке тоқталып, барлығы кезеңімен шешім табатынына тоқталды.

Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы Тасарық – Тасөткел аралығындағы 13 шақырым жолдың жайымен танысты. Қазір мұнда қиыршық тас төселіп жатыр. Бұған жауапты мердігер мекеме – “Қазалы Жолшы” ЖШС. Ал бұл мәселені бұған дейін ауыл тұрғындары көтерген болатын.

Алыстағы ағайынмен өткен кездесуде тұрғындар ішкі жол мәселесін баяндады. Сондай-ақ, қазіргі күні Тасарыққа дейінгі жолдың арасын қадағалау қажеттігін айтты.

Оның үстіне мектепке қатынайтын көлік, ауыл жанындағы шлюзді жабу және ауылдағы ескірген трансформаторды ауыстыру қажеттігін баяндады. Өйткені, көпшілік үшін қауіпсіздік шаралары бірінші орында.

Барлығына тоқталған Мұхтар Әуесұлы айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы уақытта кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.

Аудан басшысы Тасарық ауылына барған тұста орталық саябақ пен жаңадан бой көтерген әкімдіктің жайымен де танысты. Содан соң Қызылқұм ауылдық округіне ат басын бұрып, халықпен кездесті.

Кәукей жұрты аудан басшысының елде атқарылып жатқан жұмыстарына қанық болған соң өздерінің ұсыныстарын ортаға салды.

Атап айтсақ, жарықтандыру және ішкі көшелерге асфальт жүргізу керектігін сұрады.

Мұнда да аудан басшысы тиісті бөлім басшыларына тапсыра жүктеп, барлығы кезең-кезеңімен шешім табатынын айтты. Сонымен қатар жуық арада құрылысы аяқталатын дәрігерлік амбулаторияның жұмысын көріп, тез арада аяқтау қажет екенін айтты.

Айта кеткен жөн, аудан әкімі аялдаған ауылдарда тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, мәселелерінің шешілу үшін тиісті сала басшыларына тапсырма жүктеді.

БӨЛІСУ