“Ұлттық рухани жаңғыру” бағдарламасының «Құқықтық мәдениет» арнайы жобасы негізінде М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде “Қоғамдық келісім” мекемесі және Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлескен шара өтті. «Құмар ойындарға тәуелділік және оның алдын алу жолдары» тақырыбында өткен кездесуге оқытушылар, студенттер қатысты.

Шарада Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Майра Оралбаева, “Қоғамдық келісім” КММ бөлімінің басшысы Нұргүл Дүйсебаева сөз сөйлеп,
қатысушылардың назарына пирамида және лудомания туралы танымдық бейнеролик ұсынды.
Қазіргі кезде түрлі пирамиданың көбеюі салдарынан жәбірленушілердің де қатары артуда. Азаматтардың құқықтық мәртебесін қорғап, алаяқтық қылмыстардың алдын алу бүгінгі күннің өзекті мәселесі.
Спикерлердің айтуынша құмар ойындарды ойнауға қаржылық сауаттылықтың болмауының әсері бар. Алайда, құмар ойынға беріліп, тәуелді болатындардың психологиялық себептері болатынын да айтып өтті.
“Мектеп жасынан бастап оқушыларды қаржылық сауаттылыққа оқытса, олар кем дегенде қаржы алаяқтарынан сақтана алады”, – деді.
Кездесу барысында сала мамандарына студенттер тарапынан сұрақ қойылды. Алаяқтыққа кезіккен жағдайда одан шығу жолдары мен бағыт-бағдарлары айтылды.

БӨЛІСУ