Бүгін Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен Этномедиация бағытындағы даулы мәселелерді шешуді оңтайландыруға арналған облыстық семинар курс өтті.

Ә. Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада өткен шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы мен қалалық, аудандық қоғамдық даму бөлімдерінің мамандары, облыстық полиция департаменті, облыстық білім басқармасы және қалалық білім бөлімі, облыстық дін істері басқармасы мамандары, этностар тығыз орналасқан ауылдық округ әкімдіктері кәсіби және қоғамдық медиаторлар, педагог-психологтар қатысты.
Шараның мақсаты – Этномедиация бағытындағы даулы мәселелерді шешуді оңтайландыру арқылы облыс көлемінде этносаясатты жүзеге асыруда туындаған даулы мәселелерді сотқа дейін шешу, өңірдегі қоғамдық және кәсіби медиаторлардың этномедиация дауларын шешудегі рөлін арттыру болып табылады.
Семинар курстың алғы сөзінде Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов семинардың маңыздылығын айтып, өңірлік ҚХА жанындағы медиаторлар кеңесінің атқарған жұмыстарына тоқталды.
«2023 жылы облыс көлемінде медиация институтын насихаттауға бағытталған барлығы 123 түрлі форматты кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары, оқыту семинарлары мен түсіндіру шаралары ұйымдастырылып, аталмыш шараларға 6180-нен астам адам қатысты. Облыстық ҚХА медиаторларына 39 өтініш келіп түсті. Оның ішінде этносаралық даулар орын алған жоқ. Медиаторлардың көмегімен өтініш бойынша келісім орнатылып, дауласушы тараптар ымыраға келді. Бүгінгі таңда кеңес құрамында 14 медиатор бар», – деді.
Курсты «Парасат» медиация және құқық орталығы» ЖМ кәсіби медиаторы, тренер-сарапшы, этномедиатор Мұхтар Адаев жүргізді. Курстың алғашқы күнінде жаттықтырушы этномедиацияның негізгі ұғымдары мен терминдері, оны жүзеге асырудың негізгі кезеңдері, этносаралық қайшылықтардан туындаған ұлтаралық қақтығыстарды шешу жолдары туралы ақпарат берді, тәжірибесімен бөлісті.
Қатысушылар пікірталастарға белсенді қатысты, сұрақтарға жауап берді.

БӨЛІСУ