Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы Дауылкөл, Ақжар, ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар ауылдық округтеріндегі құрылыс қарқын алған бірқатар нысандарды аралап, Қызылтам елдімекеніне апаратын жол жөндеу жұмыстарымен танысты.

Ағымдағы жылы құрылыс жұмыстары басталған Дауылкөл ауылдық округіндегі дәрігерлік амбулаторияның жұмысын жүргізуші мердігер мекемеге желтоқсан айының 15 жұлдызына дейін құрылысты толық аяқтап, халық игілігіне беруді тапсырды.

Ақжар, Дүр Оңғар ауылдық округтеріндегі амбулаториялардың жұмысының аяқталу мерзімі жоба бойынша ағымдағы жылдың желтоқсан айы деп бекітілген. Аудан басшысы мердігерлерге бұл құрылыс нысандарының жұмысын сапалы жүргізіп, өз мерзімінде тапсыруды қатаң міндеттеді.

ІІІ Интернационал, Дүр Оңғар ауылдарындағы спорт кешендері құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес 2024 жылдың бірінші жарты жылдығы деп бекітілген. Мердігер мекеме «АстанаСервис LTD» ЖШС-і мен Дүр Оңғар ауылындағы спорт кешенінің құрылысы бойынша “Орион LTD” ЖШС басшылықтарына құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізуді тапсырды.

Мұнан әрі Жандос Еркінбекұлы Қармақшы-Жалағаш тас жолы бойындағы Қызылтам елдімекеніне апаратын жолды жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы аумағы 3 километрден астам аралықты құрайтын жолға күрделі жөндеу жұмыстарын “Қызылорда Жолдары” ЖШС мердігер мекемесі қараша айында бастаған болатын. 2024 жылы Қызылтам халқына асфальт жол қолданысқа берілетін болады.

БӨЛІСУ