Қызылорда облысының 85 жылдығы аясында ұлттық тәрбие мен құндылықтарды насихаттау мақсатында ашылған «Анаға тағзым» орталығында тағылымды іс-шаралар ұйымдастырылуда. Оның қатарында аймақ әйелдерінің қатысуымен ашық есік күндері өткізілуде.

Бүгін Сырдария ауданының ақ жаулықты әжелері, құрметті аналары мен қыз-келіншектерінен құралған делегация «Анаға тағзым» орталығында қонақта болып, ұлттық тәрбиеге қатысты түрлі бағыттағы іс-шараларды көрсетті.

Жерлесіміз, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, эстрада әншісі Жеңіс Ысқақова сырдариялықтармен бірге «Анаға тағзым» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, орталық жұмысымен танысты. Ашық есік күнінде Жеңіс Ысқақова бала күнгі ұстаздарымен қауышып, туған жерге, елге деген сағынышын, асыл аналарға деген тағзым-құрметін әсем әнімен жеткізді.

Іс-шараға барлық сала бойынша құрметке бөленген ардақты аналар, еңбектің көрігін қыздырып, бейнетін көріп отырған әзиз жандар, он қолынан өнер тамған қолөнер шеберлері мен өзге этнос өкілдері қатысты.

Орталықта сырдариялықтар қолөнер бұйымдарынан көрме ұйымдастырды. Өзге ұлт өкілдері түрлі тағамдардан дәм әзірледі. Ал ақ жаулықты әжелеріміз ұмыт болып бара жатқан бесік жырларын айтып, жас аналарға өнегелерін көрсетті.

Іс-шара қорытындысында ауданнан барған нәзік жандылар әннен шашу шашып, өнерлерін көрсетті және бірқатар ардақты жандар арнайы марапатталды.

БӨЛІСУ