Бүгін аудан әкімінің орынбасары Б. Жұмағұловтың төрағалығымен аудан көлемінде сібір жарасының алдын алу бойынша жиын өткізілді.

Басқосуға дербес бөлім басшылары, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі, республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар орталығының аудандық филалы мен аудандық ішкі істер бөлімі, аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы және қала, кент және ауылдық округ әкімдері онлайн түрде қатысты.

Жиында Бектемір Ұлыбекұлы сөз алып, сібір жарасы мәселесіне кеңінен тоқталды.
«Өздеріңіз білетіндей, сібір жарасы бұл – адам және жануарлардың жоғары өлімімен өтетін аса қауіпті жұқпалы ауру. Қазіргі таңда, республика көлемінде сібір жарасына шалдыққан азаматтар анықталуда. Вакцинациялау жұмыстары тұрақты жүргізілуі керек. Бұндай індетті қуалап кететін әлемдік деңгейдегі пандемия өршігені белгілі. Алдағы уақытта cібір жарасының алдын алу шаралары күшейтілуі тиіс»-деді.

Сондай-ақ, үй жағдайында тұрғындардың мемлекеттік ветеринариялық-санитариялық инспекторлардың рұқсатынсыз өз бетінше мал союын шектеуді, ет дүкендерінде сатылатын мал өнімдерінің санитарлық сараптамадан кейін берілген сертификат арқылы сатуды қамтамасыз етуді және өзге көліктердің ет өнімін тасымалдау барысында арнайы төлқұжаттың болуын тексеруді жүргізу қажеттігін айтты.

Одан соң, сібір жарасы ауруына байланысты аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстар мен аталған бағыттағы туындаған мәселелер жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы А. Сатекеева және аудандық ветеринариялық станса директорының орынбасары Т. Жәлімбетов баяндама жасады.

Отырыс қорытындысымен, аудан әкімінің орынбасары сібір жарасы ауруынан республика бойынша қалыптасып отырған эпизоотиялық-эпидемиологиялық ахуалды қадағалай отырып, тиісті сала басшыларына індеттің алдын алу бағытында бірқатар тапсырмалар беріп, вакцина жұмыстарының тұрақты егілуін және аурудан сақтану шаралары туралы түсіндірме жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

БӨЛІСУ