Қазалылық көрермендер ұлттық өнерімізді, соның ішінде дәстүрлі әніміз бен күйімізді дәріптеп, халық мұрасын кеңінен насихаттап жүрген «Шашу» отбасылық халықтық ансамблі ұжымының концертін тамашалады. Мерекелік концертті тамашалауға аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат төрағасы Ғазиз Әліш арнайы барды.

Аудандық оқушылар үйінде өткен концертте Мұхтар Әуесұлы отбасылық өнер ұжымының жетекшілері Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпановаға құттықтауын табыстап, Қазалы ауданының 95 жылдық мерейтойы қарсаңында өткізіліп жатқан мерекелік кешке сәттілік тіледі. Сондай-ақ шығармашылық табыс тілеп, ел мәдениетінің одан әрі гүлденуіне лайықты үлес қосып келе жатқан өнер ұжымына аудан халқының атынан шынайы ризашылығын жеткізді.

Мұнан соң отбасылық халықтық ансамбл ұжымы ән мен күйден шашу шашып, ансамбл мүшелері домбыра, қобыз, жетіген, шаңқобыз, сазсырнай, сыбызғы, дауылпаз сынды өзге де аспаптарда шебер ойнап көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Айта кетейік, Өмірхан Жетесов пен Амангүл Ешпанова жетекшілік жасайтын өнерлі отбасы өздерінің балаларынан бөлек, 23 ұл-қызды бауырына басқан өнерлі шаңырақ иелері. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде концерттер беріп, кездесулер өткізіп, бала тәрбиесі мен отбасы құндылығын насихаттап, ұлттық өнеріміздің көкжиегін кеңейтуде.

БӨЛІСУ