Бүгін қаржы саласы қызметкерлерінің және Ұлттық валюта мерекесінің қарсаңында соғыс және еңбек ардагері, КСРО қаржы саласының үздігі және Қазалы ауданының құрметті азаматы – Күнтуған Көшімовке көше атауы берілді.

Салтанатты жиында алғы сөз аудан әкімінің орынбасары Күнтілес Назымбековке берілді.

Күнтілес Айдарбекұлы айтулы мереке қарсаңында ауданның ғана емес, ел экономикасының дамуы жолында аянбай еңбек жанның атына көше берілуі құптарлық іс екенін айтып өтті. Сонымен қатар ауданға арнайы ат басын бұрған қонақтарға алғысын білдіріп, барша қауымды көшенің ашылуымен құттықтады.

Бұдан соң қаржы саласының ардагері, Қызылорда облысының және Шиелі ауданының құрметті азаматы Қалқазбек Әжібеков, қаржы, салық саласының ардагері Дайрабай Ысқақов және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар қаржы, салық саласының ардагері Кемал Көпжасар Күнтуған Сағындықұлының қызмет жасаған жылдарындағы естеліктерін тілге тиек етті.

Салтанатты шара соңында құрметті қонақтар, аудан ардагерлері, қызметкерлер және ағайын-туыстары көше беру рәсімін көріп, тамашалады.

Айта кетейік, Күнтуған Сағындықұлы – 1923 жылы Қазалы ауданы, №2 Сарытоғай ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының ардагері, қаржы саласында 38 жыл абыройлы қызмет еткен.

БӨЛІСУ