Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың тоқсан сайынғы тұрғындармен кездесуі басталды. Соған сәйкес бүгін аудан басшысы Басықара, Қ.Пірімов, Жалаңтөс батыр ауылдарының тұрғындарымен кездесіп, көпшіліктің мұң-мұқтажын тыңдады.

Алғашқы жиын Басықара ауылынан бастау алды. Мұнда Мұхтар Әуесұлы ауыл жұртын Қызылорда облысының 85 жылдығы және Қазалы ауданының 95 жылдығымен құттықтады. Сондай-ақ, өткен аптада ғана ауданда өткен ауқымды шараның жоғары деңгейде өткеніне тоқталып, елдің ауыз біршілігіне ризашылығын жеткізді.

Мұнымен қоса ел ішінде орын алып жатқан жағымды жаңалықтарды сөз етіп, тұрғындардың ұсынысына сәйкес шешімін тауып жатқан мәселелер де айтылды.

Ауылдық клубтағы басқосуда елді мекен жұрты да бірқатар түйткілдерді тілге тиек етті. Атап айтсақ, көпшілік округ ішіндегі жолдар, су ұңғымасын қазу, балабақша, дәрігерлік амбулатория және жарық жайын ортаға салды.

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев тұрғындар көтерген мәселелердің әрбіріне жеке-жеке тоқталып, сұрақтарға толыққанды жауап берді.

Тұрғындармен кездесу мұнан соң Құмжиек пен Қарашеңгел ауылдарында жалғасын тапты. Аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстарды сөз етіп, ұсыныс-пікірлерге құлақ түрді.

Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, барлығына да жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.

Аудан әкімі елді мекендерге сапары кезінде жеке қабылдауға жазылған азаматтарды да қабылдап, уәждерін тыңдады.

Айта кеткен жөн, халықпен кездесуге аудан прокуроры Дарын Әбіш, аудандық мәслихат депутаты Әділбек Сарабеков және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

©️Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі

БӨЛІСУ