Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлының қатысуымен аудандық мәслихатының кезекті VІІ сессиясы өтті. Сессияны аудандық мәслихат төрағасы Қошалақов Әділбек Үсенұлы жүргізді.

Сессияның күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы «Қармақшы ауданы әкімінің өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы» есеп беріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін саралап, бюджет қаражатын тиімді жұмсау бағытында алдағы міндеттерге тоқталды.

2023-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет жобасы Сіздерге ұсынылған болатын. Алайда, бюджет қаражатын тиімді пайдалану мақсатында жобаларды қайта қарадық. Нәтижесінде біршама инвестициялық жобалар бойынша жұмыстар жүргізілді. Бізге бюджет қаражатын тиімді жұмсау міндет. Ол үшін бірінші кезекте атқарылған істерді саралап, алдағы жоспарларымызды бағамдауымыз шарт.

Ауданымызда жаңа нысандардың бой көтеріп, халық игілігіне берілгендігін мен де қалаймын. Бірақ біз үшін бірінші кезекте тұрғындарға ауыз су, газ, жол инфрақұрылымдарын жеткізу, осы мәселелерді шешу маңызды. Себебі біз халықтың өмір салтын оңтайландырмай басқа шаруаға ойыса алмаймыз,-деді аудан басшысы.

Сессияда қаралған екінші мәселе бойынша «Ауданда қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы» Қармақшы аудандық полиция бөлімінің бастығы Б.Жарқынбаев пен сессияның күн тәртібіндегі үшінші мәселе Қармақшы аудандық мәслихатының 2023 жылғы 28 сәуірдегі «Қармақшы ауданы әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы аудандық комиссия құрамын бекіту туралы» №18 шешіміне өзгерістер енгізу туралы Қармақшы ауданы әкімі аппаратының басшысы Е.Бекеновтер баяндама жасады.

Жиын барысында депутаттар өз ұсыныстарын айтып, сессияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша аудандық мәслихаттың тиісті шешімдері қабылданды.

БӨЛІСУ