Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, «Алтын дәрігер» құрметті атағының иегері Қалыбаев Сақы Ұзақбайұлының құрметіне қойылған мемориалды тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы қатысып, Сақы Ұзақбайұлының өмірі мен қызметін, ел үшін еткен еңбегін кейінгі жастарға насихаттау – біздің парызымыз. Оның еңбек жолы алдыңғы аға буын әкелеріміз бен ағаларымыздың көз алдында екенін жеткізді.

«Сақы Ұзақбайұлы ауданның денсаулық сақтау саласының негізін қалағандардың бірі. Әкелеріміздің қандай қиын кезде, қандай жағдайда жұмыс істегенін тарихтан білеміз. Тарих беттерін парақтасаңыз 1957 жылы Сақы Ұзақбайұлы жоғары оқу орнын бітіріп елге келгенде ауданның денсаулық сақтау саласындағы жағдайды білесіз. Білесіз де, сол жылдарда елім деп еңбек еткен әкелеріміздің ерлік еңбегіне еріксіз бас иесіз. Қазіргідей барлық талаптарға сәйкес келетін аурухана, емхана, түрлі заманауи құрал-жабдықтар деген ол кезде ешкімнің түсіне де кірмейтін.
Сақы Ұзақбайұлы ауданның денсаулық сақтау саласының қалай құрылып, қалай дамып, өркендегінін, еліміз тәуелсіздік алып, денсаулық сақтау саласы бүгінгідей жаңа деңгейге көтерілгенін өз көзімен көріп кеткен бақытты жан.
Сақы Ұзақбайұлы тек дәрігер ғана емес, ұстаз, тәрбиеші. Отыз жылдан астам ауданның денсаулық сақтау саласын басқарған уақытта қаншама жас маманды тәрбиелеп шықты десеңізші. Қазір Сақы Ұзақбайұлының шекпенінен шыққан дәрігер мамандар баршылық. Олар абыроймен еңбек етіп келеді», – деді аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы.

Білікті дәрігердің аудан үшін жасаған еңбек жолына тоқталған Жалағаш ауданының құрметті азаматы, Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Шәменов Өмірбек Мөрәліұлы Сақы Ұзақбайұлын әріптестеріне үлгі етіп айтты. Өз заманына да шамның жарығымен ота жасаған кешегі білікті дәрігер, бүгінгідей заманауи жаңа аурухананың салынуына тілекші болғанын айтты.

Алтын дәрігер атанған Қалыбаев Сақы Ұзақбайұлының адамгершілігі, іскерлігі, қарапайымдылығы мен қамқорлығы замандастарына үлгі бола білгенін жеткізген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әлиев Садық Әлиұлы, аудандық ауруханаға мемориалды тақтаның қойылуы ардақты азаматқа көрсетілген құрмет деді.

Сақы Ұзақбайұлы ағамыздың жұбайы, денсаулық сақтау саласының ардагері Зағира Сейтенова ауданның құрметті азаматы атанған тұлғаның өмір тарихы өлшеусіз жақсылыққа толы болғанын сөзге тиек етті.

Сақы Ұзақбайұлының еңбек еткен жеріне ескерткіш тақтаның орнатылуы – сол өткенді құрметтеудің бір парасы болмақ. Кейінгі өсіп келе жатқан ұрпақ елге, туған жерге Сақы Ұзақбайұлындай еңбек ететіні сөзсіз.

БӨЛІСУ