Аудан әкімі Асқарбек Есжанов Жаңадария, Аламесек, Еңбек және Аққұм ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, ауданның 2023 жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен алдағы жобалар туралы айтты.

Есепті кездесу Жаңадария ауылынан басталды. 2023 жылы «Самара-Шымкент – Еңбек – Есет батыр – Жаңадария» аудандық маңыздағы автомобиль жолының 20,3-37,4 шақырым аралығын орташа жөндеу барысында асфальт төсеу жұмыстары толығымен аяқталып, жолақтар сызылды. Қазіргі таңда жол белгілерін және сигналды тіректер орнату жұмыстары жасалуда. Ауыл халқының ұсынысына сәйкес үстіміздегі жылы Жаңадария елді мекенінде балалар ойын алаңы орнатылды. Жоба құны 10,0 млн.теңге.

«Төрешқұдық» шекара бекетінің қоршау, шекара аймағында күн батареяларын орнату жұмыстары үшін және елді мекендегі 4 көшені яғни Қ.Сәтбаев, Жаңадария, Достық, Мектеп көшелерін күрделі жөндеуге жоба сметалық құжаттар әзірленуде.

Сондай-ақ, аудан әкімі Есет батыр ауылының тұрғындарына жоба құны 431,0 млн. теңгені құрайтын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталып, қазіргі таңда қабырғалары қаланып, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындары көтеріп келген ауыз су мәселесі, Есет батыр ауылының 5 көшесін күрделі жөндеу және тұрғын үйлер секторының электр желілерінің құрылысы бойынша жоба сметалық құжаттары дайындалып, республикалық бюджетке ұсынылды. 2024 жылы күрмеуі шешілмеген ұсыныстарды орындалатынын жеткізді.

Халықпен кездесулерде аудан әкімімен бірге облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағанбетов, аудандық мәслихат депутаттары, аудан әкімінің орынбасары және бөлім, мекеме басшылары да қатысып, тұрғындар сауалына уақытылы шешім қабылдап, тиісті тапсырмаларды түртіп алды.

Осы ретте Еңбек ауылдық округінің тұрғындары ауданда атқарылып жатқан серпінді істерге оң бағасын беріп, ауылдағы көше мәселесін қозғады.

Бұл мәселе тұрақты бақылауда екенін айтқан аудан әкімі Асқарбек Есжанов Еңбек ауылының 3 көшесін яғни Т.Дәуітбаев, Абай, М.Байділдаев көшелерін орташа жөндеуден өткізу мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Аққұм елді мекенінде су тарату жүйесінен аула ішілік су тарату желісінің құрылысы жобасын қоса қаржыландыру аяқталып, бүгінде нысан пайдалануға берілді.

Аққұм елді мекенінің 10 көшесін атап айтқанда, Х.Сарбасов, Аққұм, И.Мұстаяпов, І.Доспанбетов, Р.Книязов, Е.Түменбаев, З.Лекеров, Жастар, Желтоқсан, Б.Ақдәулетов көшелерін күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қолға алынды. 2023 жылы Аққұм көшесі жөндеуден өткізілетін болады. К.Бекенов көшесін жарықтандыруға мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

Ауыл тұрғындарының ұсынысына сәйкес «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізіне өткел орнату мәселесі жөнінде облыстық мәслихат депутаты Әмір Шаймағанбетов алдағы уақытта қолдау табатынын жеткізді.

2023 жылы Еңбек және Аққұм ауылдарының ішкі көшелерінде орналасқан түнгі жарықшамдар заманауи түрлі-түсті кескіндегі шамдармен ауыстырылды. Елді мекендегі санитарлық тазалық және абаттандыру жұмыстары ұйымдастырылып, күл-қоқыс полигонын қоршау жұмыстары жүргізілді.

Елді мекендерде демеушілер есебінен атқарылып жатқан жобалар жыл санап артып келеді. Ауыз толтырып айтарлық ауқымды істердің бірі «Еңбек Жер» ЖШС-нің қолдауымен Еңбек ауылында жоба құны 50,0 млн.теңгені құрайтын жылыжай кешені, жалпы құны 30,0 млн. теңгеге балалар ойын алаңы және кіші футбол алаңы құрылысы салынды.

2023 жылы «Бірлік-А» ШҚ-ның қолдауымен 2,8 млн. теңгеге Аққұм ауылындағы Нұрқожаев көшесі мен орталық алаңға жарықтандыру жұмыстары жасалды. Осы ретте аудан әкімі Асқарбек Темірбекұлы ауылдың дамуына үлес қосып отырған кәсіпкерлерге өз алғысын білдірді.

Бүгінгі есепті кездесулер Қаракеткен, М. Шәменов, Бұқарбай батыр, Таң ауылдарында жалғасатын болады.

БӨЛІСУ