Аудан орталығындағы мәдениет үйінде Қарттар күні мен Қармақшы ауданының 95 жылдығына орай «Гүлдер шақырады» атты концерт өтті. Мерекелік шарада Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Бақтияр Тайлақбаев пен бірге Тахмина Әшімбекова, Өктем Алтаевтар өнер көрсетті.

Кеште құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Смағұлов Самат Қыдырбекұлы:
“Орыстың атақты ғалымы Потаниннің “Маған бүкіл қаза даласы ән салып тұрғандай көрінеді” деп тамсана айтқан сөзі халқымыздың даралығынан туса керек. Күллі қазақ жерін айтпағанның өзінде, Сыр топырағында талай дарынды тұлғалар дүниеге келген. Содан да болар, “Сыр елі –жыр елі” атануымыз. Қазақы қалпын сақтаған киелі жыр елі – ұлы ойшыл, абыз Қорқыттан қалған ұлы мұраның иесі екендігімен де мақтана алады. 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мен ғасырлар тоғысында тарихта таңбаланған Қармақшы ауданының 95 жылдық торқалы тойы аясында киелі топыраққа басқан қадамдарыңыз құтты болсын! Халықтың ыстық ықыласына бөленіп, өнер нәрімен сусындатып жүре беріңіздер дей келе, өнер атты алып керуен көші – ұлт мәдениеті мен руханиятының туын төмен түсірмейтініне сенім білдірді.

Бақтияр Тайлақбаев қармақшылық көрермендерін ауданның 95 жылдығы мен халықаралық Қарттар күнімен құттықтады. «Ағаларым» әнінің орындаушысы алдыңғы буын ағаларымыздың асқан ерлігімен жеткен тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуына тілектестігін білдірді.

БӨЛІСУ