Аудан әкімі Жандос Еркінбекұлы аудан бойынша шаруашылық құрылымдарындағы жиын-терін жұмыстарын бақылауын Ақтөбе ауылынан бастады.
Ақтөбе ауылындағы “Оңталап” шаруашылығының жұмысымен таныстырған шаруашылық басшысы Әбдіхамит Аралбаев жалпы егіс көлемі 1568 гектар болса, оның ішінде күріш 961 гектарды құрайтынын, 185 гектарына жаздық бидай, 185 гектарға жаңа жоңышқа, 237 гектарға ескі жоңышқа егілгендігін, қазіргі таңда егін жинау жұмыстары бойынша 42,7% күріш орылып, 31,2%-ы бастырылды, әр гектарынан 55,0 центнерден орташа өнім алудамыз деді. Шаруашылықтың егін жинау жұмыстары бойынша барлығы 70 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтып отырғанын, орташа жалақының есептік көрсеткіші 150 000 теңгені құрайтынын айтып өтті.
Мұнан соң аудан басшысы “Ақтөбе и К” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қырманында болып, серіктестік басшысы Нұрлан Іздібаевпен кездесіп, жалпы егін көлемін, оның ішінде басым бағытқа ие күріш өнімін жинау жұмыстарымен танысты. Нұрлан Іздібаев егін жинау жұмыстары бойынша күріштің 53,3%-ы орылып, 48% бастырылғандығын, орта өнімнің әр гектары 64,0 центнерден айналуда екендігін, серіктестік 140 адамды жұмыспен қамтып отырғандығын жеткізді.
Ақтөбе ауылына сапары барысында аудан әкімі «Қармақшы құс» ЖШС құс фабрикасының жұмысын бақылады. Құрылысы толық аяқталып, барлық нысандарының құжаттары рәсімделіп, цехтары толық жабдықталған құс фабрикасына ағымдағы жылдың 20 қыркүйегінде Түркия мемлекетінен инкубациялық жұмыртқалар жеткізіліп, инкубаторларға 57600 дана жұмыртқа орналастырылған. Желтоқсан айында құс фабрикасының алғашқы өнімдері шығарылады деп жоспарлануда.
“Қазіргі таңда фабрикамыздағы жұмысшылар саны 20-ны құрайды. Сандық-автоматтандырылған басқару жүйесімен жұмыс жасайтын цехтар толықтай іске қосылып, өнім алар уақытта 100 адамды жұмыспен қамтуға дайынбыз. Біз ауыл шаруашылығы саласы мамандарын жұмысқа тарту бойынша жұмыс жасаудамыз”-деді серіктестік басшысы Нұрлан Тұрғанбекұлы.
Жандос Еркінбекұлы еңбегінің берекесін ел-халқымен бөліскен еңбеккерлердің көңілге қонымды тірліктерін қолдап, күзгі қырманның қызылды болуына тілектестігін білдіріп, келесі шаруашылыққа аттанды.