Бүгін аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетовтың төрағалығымен Қазалы ауданы әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы және семинар-кеңес өтті.

Әйтеке би кентіндегі №276 орта мектепте өткен жиналысқа аудан әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы мүшелері, мектеп директорлары мен мұғалімдер, ата-аналар қатысты.

Көшпелі комиссия отырысын жүргізіп отырған Дәурен Оңғарбайұлы бүгінгі таңда мектеп оқушылары және жасөспірімдер мен жастар арасындағы құқық бұзушылық, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық, оларға қатысты кибербуллинг әрекеттері өте өзекті болып отырғанын тілге тиек етті.

Сондай-ақ, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігі алаңдатып отырғандығын және сәуір айында мектеп оқушылары арасындағы топтық төбелес қасиетті Қазалы ауданында атқарылып жатқан қаншама еңбекті жоққа шығарғанын айтты.

Мұнан соң алдағы уақытта осындай жағдайлардың алдын алып, болдырмау үшін нендей шараларды қолға алу қажеттігін қозғады.

Жиында кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияларда тұрмыстық зорлық-зомбылық, жыныстық қол сұғылмаушылық қылмыстарының құрбаны болуы деректерінің қаралуы, көрсетілген көмектер туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Ғанибек Айбергенұлы айтып берді.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың ерте жүктілігі, оның ішінде он алты жасқа толмаған кәмелетке толмағанның жүктілігі жөнінде аудандық көпбейінді орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айымкүл Келмағамбетқызы баяндады.

Басқосуда психолог, Қазалы ауданының психологиялық-медициналық консультациясы мекемесінің меңгерушісі А.Тлеумбетова кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық және қатыгездікпен қараудың алдын алуға байланысты ойларымен бөлісіп, өскелең ұрпақтың саналы да тәрбиелі болып өсуі үшін ата-аналарға психологиялық кеңестер берді.

Бұдан бөлек, басқосуда бірқатар мәселелер көтеріліп, ұсыныстар жан-жақты талқыланды.

Ашығын айту қажет, аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес және аудан әкімінің бақылауымен сәуір, мамыр, маусым, шілде, тамыз, қыркүйек, қазан айларына жұмыс жоспары бекітіліп, түнгі рейд жұмыстары күнделікті ұйымдастырылуда.

Рейд барысында беймезгіл уақытта көше кезген балаларды жұмысшы топ ұстап, аудандық полиция бөліміне жеткізеді. Өз кезегінде полиция қызметкерлері жасөспірімдердің ата-аналарын шақырып, заңдылыққа сәйкес шара көреді. Атап айтсақ, жыл басынан бері аудандық полиция бөліміне 475 кәмелетке толмаған жас жеткізіліп, осы уақыт ішінде 22 ата-анаға айыппұлдар салынған.

Бүгінгі көшпелі комиссия отырысында «Мектеп, ата-ана жане оқушы» үштік одақ болып жұмыла жұмыс жасауы да айтылды. Жиналысқа қатысқан ата-аналар да ойларын ашық жеткізіп, пікірлерімен бөлісті.

БӨЛІСУ