Достық үйінде өңіріміздің қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлігін нығайтуға қомақты үлес қосқан Қырғыз этномәдени бірлестігінің жетекшісі Жұбатқанов Сақтапберген Әнесұлына құрмет көрсетілді.
Осы ретте Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Есмаханов Алмасбек Әбілқасымұлы, «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы және өңірдегі этномәдени бірлестіктің жетекшілері Сақтапберген Жұбатқановты құрметті демалысқа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін арнады.
Басқарма басшысы «Құрметті Сақтапберген Әнесұлы, Сізге 13 жыл Қырғыз этномәдени бірлестігіне жетекшілік етіп, Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуі, Сыр өңірінің өсіп-өркендеуі жолында еткен еңбек, төккен тер, қажыр-қайратыңыз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін” деп, қазақы дәстүрмен шапан жауып, облыс әкімінің құттықтауын табыстады.
Шараға қатысушылар облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының ардагері Асылбек Жұмабаев, Татар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Галия Гизатуллина және «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наталья Мишукова өскелең ұрпақтың бойына парасаттылық пен еңбекке деген құштарлықты дарытып, қоғамдық келісіммен жалпыұлттық бірліктің дамуына елеулі еңбек еткен жан туралы жылылыққа толы естеліктерін айтып, ақ тілектерін білдірді.
Өз кезегінде Сақтапберген Әнесұлы барлық көрсетілген құрмет пен қолдау үшін басқарма басшысына, эмб жетекшілері мен ұжымға ризашылығын білдіріп, алдағы жұмыстарына толағай табыс тіледі.

БӨЛІСУ