«Әкелер Одағы» РҚБ Қызылорда филиалының алғашқы отырысы өтті.

Биыл елімізде алғаш рет аталып өткен «Әкелер күні» мерекесі қарсаңында (маусым айының екінші жексенбісі) «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облысы бойынша филиалы құрылды. Филиал басшысы болып облыстық мәслихат депутаты, көпбалалы әке Искендер Ержан тағайындалды.
Әкелер одағының негізгі мақсаты – отбасы және ұлттық құндылықтарды дәріптеу, ер балалардың болашақ әке ретінде тәрбиеленуіне, әкелердің бала тәрбиелесіне араласуына, оқу орындарымен байланыста болуына ықпал жасау.
​Бүгін облыстық әкелер одағының алғашқы отырысы өткізілді.
Отырысқа облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов, «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, қаладағы 54 мектептің Әкелер кеңесі төрағалары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық мектептерің Әкелер кеңесі төрағалары, ақсақалдар, депутаттар, қоғам белсенділері, жалпы әкелер мен жастар өкілдері қатысты. Сонымен қатар, отырысқа әкелер өз балаларымен бірге қатысты.
Кездесу барысында алғы сөзді Наурызбай Байқадамов алып, қоғамдағы әкенің орны және туындап отырған өзекті мәселелерге назар аударды. «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Бекдайыр Күзембай бірлестіктің негізгі бағыттарымен, атқарылған жұмыстары және болашақ жоспарларымен бөлісті.
Одан бөлек ашық микрофон арқылы қатысушыларға еркін пікірлерін айтуға мүмкіндік берілді.
Облыстық филиал басшысы алдағы тоқсанға бекітілетін жұмыс жоспарына отырыста айтылған ұсыныс-пікірлердің толық қосылатындығын жеткізіп, әкелерді бірігіп жұмыс жасауға шақырды.
Сонымен қатар, қазан айынан бастап барлық оқу орындарында кестеге сәйкес ұл балалармен кездесулер, тәрбие сағаттары, сайыстар, ұлттық ойындар және ұлттық дәстүрді дәріптейтін кинолар көрсету, кітартар оқу және оны талқылау жұмыстары қолға алынатын болады.

БӨЛІСУ