Шиелі ауданындағы индустриялық-аграрлы колледжінде Қызылорда облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері кездесу өткізді. Кездесуге 50-ден астам колледж оқытушылары мен студенттері қатысты.
Шараға облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары, Phd докторы, облыстық ҚХА жанындағы ғылыми-сарапшылық тобының мүшесі Дәулет Омаров, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Мұхтар Ибраев, Нұргүл Дүйсебаева, неміс этносының өкілі Светлана Крюгер және колледж директорының орынбасары Бақтияр Дайрақұлов қатысты.
Кездесу барысында колледж жастарына өңірдегі этносаралық тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік тілдің қолдану аясы мен этносаралық алауыздықты тудыратын жалған ақпарат таратуға жол бермеу туралы түсіндірме қағидаларымен таныстырды.
Сонымен бірге, ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері Сыр өңірінде этносаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту бағытында қолға алынған ауқымды істер, этномәдени бірлестіктердің жұмыстары, өңірімізде мекен еткен барлық этнос өкілдері достықтың, конфессияаралық түсіністіктің қаймағы бұзылмауы жолындағы еңбектері жайлы айтып өтті.
Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, кездесу пікір алмасуға ұласты.

БӨЛІСУ