1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Соған сәйкес бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев қазыналы қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың басын қосып, құрмет көрсетті.

– Біз «Қарты бар елдің қазынасы бар» деген тәмсілдің тереңіне бойлап, қарттарын қадірлеп өскен ұлттың ұрпағымыз. Қариялардың кеудесі – алтын сандық.Бүгінде әр шаңырақта ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі бір ғанибет.Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ ғұмыр, отбастарыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін, – деді аудан басшысы.

Сонымен қатар, бүгінгі жас ұрпаққа үлкен өнеге көрсетіп, түрлі қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген ардагерлерге «Құрмет грамотасы» мен аудан әкімінің «Алғыс хатын» табыстады.

Бұдан бөлек, мерекелік шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов өзінің ілтипатын білдіріп, бірқатар жандарға “Құрметті ардагер” төс белгісін табыстады.

Мерекелік шара барысында өмірінің көп бөлігін қоғамның әр саласында қажырлы еңбек етуге арнаған еңбек ардагері Сайын Дәуіт, ардагер-ұстаз Махамаш Тілек және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Алмагүл Қаржаубаева сынды бірқатар ел азаматтары мен азаматшалары сөз сөйлеп, жылы лебізін білдірді.

Қариялардың мерейін үстем еткен көңілді кеште аудандық мәдениет орталығының өнерпаздары ән-күйден шашу шашып, Қазалының қазыналы қарияларына аудан басшысының арнайы сыйлықтары табысталды.

Кешке Ұлы отан соғысының ардагері, қос ғасырдың куәсі Қабақ Смағұл ақсақал да қатысып, барша ардагерлерді мерекемен құттықтап, ақ батасын берді.

БӨЛІСУ