Бүгін Қазалы ауданына жұмыс сапарымен облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының өкілдері келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудандық ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесінің мүшелері, медиаторлар, этнос өкілдері және белсенді жастармен жүздесті. Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тлеумбетов ашып, жүргізді.
-Қазалы ауданында қазір 296 этнос өкілі бар болса, олар жергілікті халықпен біте-қайнасып, түрлі салада еңбек етуде. Мәдени-көпшілік, спорттық шараларға қатысып, жеңімпаз атанып, аудан мерейін көтеріп жүргендер де аз емес.
Қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру бағытында Қазақстан халқы ассамблеясының атқарар рөлі зор. Бұл бағытта аймақ бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Кездесуде «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми сарапшылық тобының мүшесі Дәулет Омаров, аудандық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Қасқырбай Әлімбай, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шәкизада Асқарова, аудандық кәсіби емес медиатор Байғабыл Әбсұлтанов сөз сөйлеп, үстіміздегі 9 ай көлемінде атқарылған жұмыстарға шолу жасады.
Кездесуде этносаралық қатынастар және қоғамдық келісімді қалыптастыру мақсатында біршама ой-пікірлер айтылды. Қызылорда облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов ауданның этносаралық татулық пен бірлігін ілгерлету бағытындағы жасампаз жұмыстарды жоғары бағалап, межелі міндеттерді бірлесіп атқаруға ынталы екендіктерін айтты.

БӨЛІСУ