“Волковгеология” АҚ-ның 75 жылдық мерейтойына орай “Арман” мәдениет үйінде салтанатты кеш өтті.

Салтанатты жиынға аудан әкімі Нұржан Ахатов, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына қарасты филалдардың басшылары мен зиялы қауым өкілдері, мекеме ардагерлері, қызметкерлері қатысты.

Алғашқы болып мерекелік құттықтау сөз сөйлеген аудан басшысы барлық кен барлау саласының майталмандарын 75 жылдық мерейлі мерекемен құттықтап былай деді:

– Еліміздегі тау-кен өнеркәсібінің жетекші салаларының бірі – уран өндірісінің жолға қойылғанына биыл 72 жыл толып отыр.
Жалпы, Қазақстанда әлемдегі бүкіл уран өндірісі көлемінің шамамен 40 пайызы, яғни жылына 20 мың тоннадан астам уран өндіріледі.

2018 жылдан бері еліміз уран өндіру мен сату бойынша әлемде бірінші орынға, ал уран қоры бойынша екінші орынға тұрақтап, Бүгінде уран өндірісі аймағымыздың, оның ішінде Киелі Шиелі ауданы экономикасының негізгі тірегіне айналды. Бұл көрсеткіштерге жетуімізге кен орындарын барлау саласы мамандарының жүргізген зерттеу нәтижелерінде, жерімізден уранның мол қорының табылуы себеп болды.

Атап айтар болсам, кәсіпорын өзінің 75 жылдық тарихында 40-тан астам уран кен орындарын ашып, жалпы 1,5 миллион тоннаға жуық астам уран қорын анықтап, әлемдегі ең ірі минералдық-шикізаттық базасын құрды. Нәтижесінде, кен өндіруі ісімен айналысатын «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясына қарасты мекемелерде 3000-нан астам адамға тұрақты жұмыс орындары ашылып, ауданымыздың әлеуеті артты.

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы жылы ауданымыздың жетекші кәсіпорындарының бірі «№6» Кен басқармасының құрылғанына да 40 жыл толып, сала мамандары құрмет төрінен көрінді. Бүгін міне, кен орындарын барлау саласының майталмандарына құрмет көрсетілуде.

Осы ретте «Волковгеология» акционерлік қоғамында қызмет істейтін барлық азаматтарға ерекше алғысымды білдіргім келеді. Сіздердің күнделікті істеген жұмыстарыңыз сырт көзге көрінбегенмен, аса маңызды қызметке жауаптысыздар. Еңбектеріңіз орасан зор. Себебі, кен орындарын барлау саласы елдің экономикасы үшін, мемлекеттің бүгіні мен ертеңі үшін қажетті сала. Осыны естен шығармаңыздар.

«Елге еткен жақсылық жерде қалмайды», демекші елмен бірге жасап, елмен бірге табысқа кенеле беріңіздер. Әрбір бастамаларыңыз табыс әкелсін, – деді Нұржан Сәбитұлы.

Мұнан соң бірқатар азаматтарға аудан әкімінің, аудандық мәслихат төрағасының алғыс хаттары мен арнайы мерейтойлық төсбелгілер табысталды. Одан әрі мерекелік кеш концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кетейік, Волковгеологияның құрамына 19 ірі уран кен орны кірсе, біздің ауданымызда “№23 Геологиялық барлау экспедициясы” филиалы жұмыс атқарып келеді.

БӨЛІСУ