Апта басында аудан әкімінің бастамасымен Шиелі ауданын көркейту-көгалдандыру ісін насихаттау мақсатында Иіркөл ауылдық округіндегі Ыбырай Жақаев атындағы музейде аудандық семинар ұйымдастырылды.

Оған Шиелі кентіндегі мекеме, бөлім басшылары, мектеп, балабақша меңгерушілері арнайы шақырылды. Мақсаты аталған музей ғимараты айналасындағы абаттандырылған, гүл отырғызылған, жайнаған-жайқалған жұмысты жиналғандарға көрсету, үлгі ету. Иә, музей директоры Құттықыз Ыханова мекеме ғимараты айналасының сәні мен салтанатын келістіріп, түрлі гүлдер, жеміс ағаштарын отырғызып, келген адамның көз жауын аларлықтай абаттандырған. Бұл жерде гүлдің неше түрлі сорты отырғызылған. Айналасындағы ағаштар эстетикалық талғамда қырқылған. Оларға әр беріп тұратын түрлі түнгі жарық шамдары да талғаммен орналастырылған.

Семинарда аудан әкімі Нұржан Сәбитұлы:
– Бәріміз осы ауылдың, елдің азаматымыз. Туған жерді түлету, көркейту кімге де болса басты парыз емес пе? Шиеліде екі-үш мекеме өз ауласын осылай абаттандырып, гүлдендіріп отыр. Басқа көптеген мекеме ғимараттары әлі де болса бұл үрдісті жалғап, қолдап әкетіп жатқан жоқ. Кей мекемелер ең болмағанда шарбағын әрлеп-сырлап отыруды білмейді. Жан-жағындағы жантағы, шөптері де шабылмай тұрады. Семинарға келген мекеме басшыларының көбісі әйел кісілер екен. Сіздер енді өз мекеме ғимараттарыңыздың айналасын әдемілеп қоюларыңыз керек. Маған тікелей ұсыныспен шығыңыздар, керекті құрал жабдықтарыңызды сұраңыздар, көркейту-көгалдандыру мақсатында болса, біз оған қолдау білдіруге әзірміз, – деді.

Шара барысында музей айналасын абаттандыу, гүлдендіру жұмысы жүктеліп, онысын орасан зор абыроймен еңсеріп отырған мекеме қызметкері һәм бағбаншы Базарқұлов Алмат Алдабергенұлына аудан әкімдігінің «Құрмет грамотасын» табыс етіп, алғысын білдірді. Сонымен қатар
Алмат Алдабергенұлына өзі қалаған санаториге жодама берілетіндігін айтты.

Аудан әкімі бұдан бөлек осындай семинарлар алдағы уақытта жиі ұйымдастырылатындығын, мекемелер арасында байқау жүретіндігін, егер келесі жылы барлық мектеп, балабақша, мекеме ғимараттары гүлдендіріліп, абаттандырылып, көркем кейіпке еніп тұрса, жауапты қызметкерлеріне санаториге жолдамалар үйлестірілетіндігін айтты.

Ортаға шығып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Әзімханұлы:

– Бұл нәрсе өзі темір жол бойында ертеректе басталған. Барлықтарыңыз білесіздер орыстың сұлу әйелдері сол жерде гүл егіп, гүлдендіріп жататын.
Пойызға отырып, сапарға шыққан сайын өзге қала тұрғындарынан «Шиелі керемет, Шиелі вокзалы керемет», – деген сөзді жиі естуші едік. Кейінірек вокзал ол келбетінен айырыла бастады. Сұрқы қашты. Осы соңғы бір-екі жылда қайтадан гүл еге бастапты. Нұржан Сәбитұлының Шиеліні, туған жерді түлету бағытындағы бастамаларын біз қолдауымыз қажет. Мына жерде мектеп директорлары, мекеме басшылары отыр. Шындығында керемет қой, мектептің айналасы жайнап тұрса. Оқушылардың көңіл-күйі де көтеріңкі болады. Сабақты 5-ке оқығысы келуі мүмкін. Табиғаттың әсері адаммен байланысты. Мынандай әсем жерде адам қалғып-мүлгіп отырмайды. Адам шабыттанады. Адам еңбектенсе, айналасын жайнатып гүл ексе, есік алдына ағаш ексе шындығында жақсы нәрсе. Осыны бәріміз жұмылып қолға алуымыз қажет, – деді.

Ал, аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйлә Әбілқасымқызы:

– Марқұм ағамыз Дәулетбек Байдрахманұлы жырлағандай, шындығында біз біркездері Сыр елінің Швейцариясы болғанбыз. Өйткені бізде, Шиеліде басқа ұлттар көп тұрды. Әсіресе немістер бізге гүл егуді үйреткен десем қателеспеспін. Кейінгі жылдары кент ішіндегі мекемелер алдының абаттанып тұрғанын көзіміз шала бермейтін болды. Шыны керек, біз осы тоқырап қалған жоқпыз ба? Музей директоры Құттықыз Ыхановада гүлдердің неше түрлі тұқымы бар. Тұқымдарды сонау Жаңақорғанға, Жалағашқа жіберіп жатады. Соны сіздер неге алмайсыздар? Қайта сіздерге үйрену керек қой. Мынау қалай егіліп жатыр, бұл қалай өсіп жатыр? – деп осы жерге келіп, неге үйренбеске, – деді.

Шиелі кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Күлімбет Болат Мәлібекұлы:

– Қазақта мынандай бір керемет сөз бар. «Алма ағашынан ары түспейді», – дейді. Ы.Жақаев елді мекенінің көгеріп, көркейуіне атсалысқан Алдаберген деген ағамыз болған. Осы Ы.Жақаев ауылының тумасы. Ауданның үлкен кісілері жақсы біледі. Ауылдағы мектептің, мәдениет үйінің алдын көркейтіп, абаттандырған. Соның баласы ғой мынау Алмат. Мінекей, көргені бар. Әкеден үйренгенін, білгенін халыққа көрсетіп, өз қолымен істеп, мекеме алдын, ауылын көркейтіп отыр. «Әке көрген оқ жонар», – дейді. Бұндай азаматтарды қалай насихаттап, мақтасақ та жарасады, – деді.

«Шиелісушар» ардагерлер кеңесінің төрағасы, айтулы мұрап, белгілі бағбан Әлияр Сейітов:

– Жаңа Нәйла айтып кетті ғой. Расында Шиелі жері – киелі. Өткен тарихымызға қарайтын болсақ біздің аудан кешегі күнге дейін көк ағашпен көмкерілген, көшелері гүл, айналасы жеміс-жидек ағаштарына толы еді. Алмалы деген ауылда 264 гектар алма, 111 гектар жүзім, 20 жылыжай, үш аусымда цех жұмыс істеді. 1200 тоннаға дейін алма жиналатын. Күз айында 560 тонна алманы тоңазытқышқа тығып, мамыр айында Шиелінің базарында Мария деген апамыз сатып отыратын. Осы алманы мына жағы Қызылорда, жалпы бүкіл Қазақтанның облыстарына тарататын. Одан бөлек 120 гектар қазіргі Тоғайлы деген жерде үлкен алма бағы болды. Сол жерден 300 тонна алма жиналатын. Алма терімге үлгере алмай, сол жердегі мектеп оқушыларын шақырып, айлық жазып, қосымша бір шелек алма беріп, олар тапқан табысына киім-кешектерін түгендеп алатын. Біз өзі бәріміз патриотпыз дейміз. Туған топырағын гүлдентуді ешкім өзінен бастағысы келмейді. Гүл егудің қиын ештеңесі жоқ. Бұған бірінші махаббат керек. Тастың үстіне гүл өсіруге болады. Мен осы практикадан өтіп жатырмын. Қазақта сөз бар – «Гүл ұстасаң қолыңда гүлдің иісі қалады», – деген. Сондықтан көркейіп-гүлдену үшін бәріміз патриот болайық, – деп барша мекеме басшыларына үндеу тастады.

Семинарда бұдан бөлек аудандық қоғамдық кеңес мүшесі Насыр Мырзабеков, музей директоры Құттықыз Ыхановалар сөз сөйлеп, аудан әкімінің ұсынысын қызу қолдауға шақырды.

БӨЛІСУ