Берік Сәрменбаев Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған «Тұңғыш мәмлүк сұлтаны» тақырыбындағы тарихи-танымдық кешке қатысты. Танымдық іс-шараны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев, халықаралық “Қазақ тілі” қоғамы аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейітов, ұстаздар мен оқушылар, БАҚ өкілдері тамашалады.

Аудандық орталық кітапхана қызметкерлері ұйымдастырған іс-шарада Бейбарыс Сұлтанның өмірі мен жауынгерлік жолы насихатталды. Алдымен, «Шығыс әлемінің ұлы қайраткері» тақырыбында бейнеролик назарларға ұсынылса, «Сұлтан Бейбарыс – Мысыр билеушісі» тақырыбында №36 Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейінің тарих пәнінің мұғалімі Қайрат Тұрғанов баяндама жасады.

Бейбарыс Сұлтан – мемлекет басқару ісінде дана шешімдерімен дараланған тұлға. Дешті Қыпшақ даласында дүниеге келіп, қуатты империяға айналған Мысыр жұртынның әйгілі билеушісі болған. Қазақстанда бірінші болып тарихшы Құрбанғали Халид ол туралы «Тауарих Хамса» атты еңбегінде жазған.

Танымдық кеш барысында жастар Мысыр билеушісіне арналған ақындардың өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев өскелең ұрпақ қазақ тарихын, даңқты тұлғаларын білу керектігін айтып, іс-шараны қорытындылады.

БӨЛІСУ