Қазалы ауданындағы «Қазалы аграрлық-техникалық колледжі» жастарымен кездесу өтті. Кездесуге корей этномәдени бірлестігінің өкілі, тіл жанашыры, «Абай қазынасына саяхат» клубының жетекшісі Елена Пак және облыстық «Ассамблея жастар» ұйымының жетекшісі Елизавета Есмаева қатысты.
Кездесуде жастар бастамаларын қолдау, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру, жаңа жобалар мен ұсыныстар, “Ассамблея жастар” ұйымының атқарған жұмыстары мен мақсат-міндеттері таныстырылды.
Соның ішінде «Ассамблея жастары» ұйымын кешенді дамыту үшін алты магистральдық жоба жайлы толығырақ айтылып өтті.
«Соның бірі – «Social Assambly». Жобаның негізгі бағыты – жастарды әлеуметтік қолдау, білім деңгейін арттыру және жұмысқа орналастыруға көмек көрсету. Жоба «Жастар жастарды үйретеді» форматында жоспарланған: өңірлерде, әсіресе моноқалалар мен ауылдық жерлерде көшбасшылардың жастармен self-made кездесулері өткізіледі. Жастармен жұмыстың келесі бағыты мемлекеттік тілді үйрену. Осы ретте «Бірлік тілі» түрлі этностардың жастары қазақ тілін үйренетін Speaking-club нетворкинг-алаңы ашылды. Жастар «Ел мұрасы» тарихи-мәдени мұрасын сақтау және экология мен қоршаған ортаны қорғау жобаларын қарқынды түрде жүзеге асыруда», – деді Елизавета Есмаева.
«Өңірдің дамуына жастардың қосар үлестері қомақты. Жастар қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан олардың қызығушылықтарына құлақ түріп, дамытуға жол ашу аса маңызды. Осы арнада сіз бен біз болып жұмысты ілгерлетуіміз керек»,- деп атап өтті Елена Пак.
Кездесуде сұрақтар қойылып, соңы пікір алмасумен аяқталды.

БӨЛІСУ