Бүгін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ауданымызға арнайы келген Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ардагерлерін қабылдап, пікір алмасты. Сондай-ақ, қонақтарға алғысын білдіріп, Қазалы ауданының тарихынан сыр шертетін кітапты сыйға тартты.

Мұнан соң Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің ардагерлері аудан әкімдігінің мәжіліс залында құқық қорғау саласының ардагерлерімен және аудан жастарымен кездесті.

Жиынды аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов жүргізіп, қонақтарға ыстық ықыласын жеткізді.

– Талай тарихты қойнауына бүккен қасиетті Қазалы ауданына қош келдіңіздер! Сіздердің жүріп өткен жолдарыңыз, іздеріңізден ерген жас-жеткіншектерге үлгі-өнеге. Сондықтан бүгінгі басқосуға келіп отырған жастар үшін Сіздерден ақыл-кеңес алу үлкен мәртебе, – деді Д.Оңғарбайұлы.

Мәжілісте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің ардагері Қуанғали Данахмет сөз алды.

– Соңғы жылдары орын алған түбегейлі өзгерістерге сәйкес, бүгінде Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары негізінде елімізде ауқымды істер атқарылуда. Жастар қашанда жасампаздықтың, жаңа бастамалардың жүзеге асырушылары болып табылады. Осы орайда, біз ардагерлермен бірлесіп жаңаша бағытта жастармен кездесулер өткізудеміз. Келешек жас буынмен етене араласа отырып, оларды тәрбиелеу жолында өнегелі де өркенді істерге ұмтылуға жастарға тың жігер беруіміз қажет, – деп патриоттық сезімді жоғарылату мен қызметтік парызды орындаудағы талаптар жөніндегі ойымен бөлісті.

Жиын соңында Дәурен Оңғарбайұлы келген қонақтарға алғысын білдірді. Мұнан соң ардагерлер Қазалы қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы мемориалдық мұражайдың жұмысымен танысты.

БӨЛІСУ