Қала әкімінің тұрғындармен кездесуі Қарауылтөбе ауылдық округінде жалғасты. Бұл кездесуде шаһар басшысы ауылдың даму бағытына қысқаша тоқталып, атқарылған жұмыстар барысын таныстырды.

​Биылғы жылы республикалық бюджеттен бөлінген 1 млрд. 204,4 млн. теңгеге толымды тірліктер жасалынды. Жылда тұрғындар тарапынан ескерту алатын бірқатар аумақтар абаттандырылды. Санитарлық тазалыққа ден қойылып, түнгі жарықтандыру жұмыстары жанданды. Нәтижесінде округтің жаңа қоныс аумағындағы 1,3,5-ші және А.Иманов пен А.Құнанбаев көшелеріне жарық бағаналары орнатылды. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен бөлінген 285,1 млн. теңгеге 12 көшеге қиыршық тас төселді. Бірнеше көшеге орташа жол жөндеу жүргізілді. Жаяу жүргіншілер жолы да салынып, жаңадан қоныстанушы аумаққа жаңа спорт алаңын жүргізу жоспарға енгізілді.

​Ал, «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 274,4 млн.теңгеге салынған 150 орындық клуб жақын күндері пайдалануға беріледі.

​Кездесуде тұрғындар қала әкіміне өздерін толғандырып жүрген сауалдарын жолдады. Шаһар басшысы Асылбек Шаменов әрбір мәселе жіті зерттеліп, оның шешілу жолдары қарастырылатындығын жеткізді.

Мұнан соң қала әкімі Асылбек Өмірбекұлы Қосшыңырау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.

Ауылдық округте құрылыс жұмыстары қарқынды. Бастысы тұрғындар Абай, Досан елдімекендеріне 662,7млн теңгеге газ құбыры тартылып, қыс мезгілінде от жағу мәселесі шешімін табатынын қуанышпен қабылдауда.

Бүгінде Қосшыңырау ауылдық округінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 1 млрд. 168,1 млн. теңгенің жұмыстары атқарылуда.

Нақтыласақ, ауылдық округтегі 16 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық және облыстық бюджеттен 195,5 млн. теңге қаралған.

Досан ауылындағы Елеусінов көшесіне тротуар салу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 42,0 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Абаттандыруға республикалық бюджеттен бөлінген 79,1 млн. теңгеге ауылға кіре беріс автокөлік жолының бойына жарық бағаналарын орналастыруда.

Досан ауылының 12 көшесіне жарықтандыру жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен 93,3 млн. теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, Досан елді мекеніне медициналық бекет құрылысын салуға республикалық бюджеттен 41,2 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды.

Кездесуде қала әкімі әкімі тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, мәселелер оң шешімін табатындығын жеткізді.

БӨЛІСУ