Аудан әкімі Серік Сермағамбетов бүгін Сексеуіл кенті мен Қосаман, Мергенсай ауылдық округтерінде болып, бірқатар маңызды салалардың жұмыс барысын бағамдап, әлеуметтік нысандардың жағдайымен танысып өтті.
Жылу беру маусымы күн тәртібінде. Осыған орай аудан басшысы Сексеуіл кентіндегі «Нұрайжан» ЖШС-нің отын қоймасында болып, көмір жеткізумен айналысатын кәсіпкерлермен кездесті. Басқосуда аудан әкімі қыс маусымының ерте басталуын ескеріп қажетті қатты отынмен кентті және жақын маңайдағы елді-мекен тұрғындарын толықтай қамту үшін қажетті шараларды қолға алуды тапсырды. Сондай-ақ бизнес өкілдерімен пікірлесіп, ниет білдірген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалар мен түрлі қолдаулардың, сүйемелдеулердің жасалатындығын жеткізді.
Мұнан соң кенттегі 40 төсектік аурухананың құрылысының қазіргі жай-күйімен танысты. Бүгінде аталған ғимараттың құрылысын «Интегростой» ЖШС-і жүргізуде. Аудан әкімі халық игілігіне арналған нысанды жыл соңына дейін аяқтау қажеттігін тапсырды.
Сексеуіл кентінде «Ауыл ел бесігі» бағдарламасы аясында 7 көше салынды. Автожол құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Жаңа жол маңында аудан әкімі тұрғындармен кездесіп, теңізді өлкеде атқарылып жатқан толымды тірліктерді ортаға салды. Сондай-ақ алдағы атқарылар жұмыстар легін тізбектеп өтті. Өз кезегі кент тұрғындары жасалынған жұмыстарға өз ризашылықтарын білдірді.
Жұмыс сапары барысында емхана мен мектептердің жылу беру маусымына дайындық барысы да назардан тыс қалмады. Серік Сағитжанұты жауапты басшыларған әлеуметтік нысандардың қысқа сақадай-сай болуы мен қажетті отын қорын қазірден бастап бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.
Мұнан соң, Қосаман ауылдық округіндегі №237 мектебі мен Мергенсай ауылдық округіндегі №58 орта мектебінде болып, білім ұясының қысқы маусымға дайындық барысын бағамдады. Сондай-ақ отын қорын ерте бастан жеткізу бойынша тиісті жұмыстар жасау керектігін айтты. Елді-мекендерде ауыл халқымен кездесіп, аудандағы ілкімді істерді ортаға салып, атқарылар жұмыстарға тоқталды.