Осы жылдың маусым айынан бастап республика көлемінде «Қарасора-2023» арнайы жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Бұл қазан айының 31 жұлдызына дейін жалғасады. Аймақтағы ахуалы жайында Қызылорда облысы полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары Ардақ Дуненов тарқатты.

– Қызылорда облысының Полиция департаментінен іс-шараны жүргізуге барлығы 212 қызметкер, 21 автокөлік техникасы, 1 дрон және жергілікті әкімдіктен 6 дрон аппараты жұмылдырылды. ҚР ІІМ Ұлттық Ұланынан 20 сарбаз, 5 автокөлік бөлінді, сондай-ақ әуеден шолу жүргізу үшін әскери тік ұшақ жұмылдырылды. Мониторинг барысында барлығы 6 есірткіні аса ірі мөлшерде сақтау, 2 есірткі өткізу және 55 есірткі өсіру деректері анықталды. Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 1 тонна 890 кг есірткі заты алынды, – деді Ардақ Әбішұлы.

Айта кету керек, іс-шараның мақсаты есірткіге еліткендерді анықтау, құрамында есірткісі бар өсімдіктерді өсіп-баптауының алдын алу, героин трафигін жою. Сонымен қатар, жаңа түрлерін таратумен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардың қызметіне тосқауыл қоюға бағытталған.

БӨЛІСУ