Қазаққа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Қонысбек Қазантаевтың 100 жылдығына арналған кешенді шаралары өтті.
Шара облыстық тарихи-өлкетану музейінде «ҚЫРАН ТАҒДЫРЛЫ ТАУ МҮСІН» көрмесімен басталды.
Өзінің өнегелі өмір соқпағында адамгершіліктің асыл қазынасын арқалап, өмірінен ұмытылмас тарих жасап кеткен Қонысбек Қазантаевтың мұралары, қалдырған еңбектері көрмеде қонақтарға таныстырылды.
Шара одан әрі «ЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛГІСІН КӨРСЕТКЕН ҚАЙРАТКЕР» атты ғылыми-танымдық конференциямен жалғасты.
Конференцияны облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Сейтқалиұлы жүргізіп, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының конференция қатысушыларына арнайы құттықтауын оқып берді. Конференция барысында аймағымызға белгілі ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен үзеңгілес інілері құнды пікірлері мен естеліктерін бөлісті.
Ұлт қайраткерін ұлықтауға арналған конференция жұмысына мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессор-ғалымдары, аудандық делегациялар, мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері, туған-туыстары қатысты.
Сыр елінің қайраткер ұлының жайсаң да жасампаз істері, өмір жолы, азаматтық бейнесі, іскерлік қабілеті артында қалған өнеге – мұрасы бүгінгі ұрпақтың рухын көтеріп, Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы өрелі істерімізді молайтуға қызмет етері айқын. Қонысбек Төрешұлының артында ұрпағы мен елі үшін мәңгі өшпес өнегелі ізі қалды.
2023-09-15