Барлық ауылдық округтердегі сапарында аудан басшысы мектептер мен балабақшалардың жаңа оқу жылына дайындық барысын пысықтап келеді.

Қармақшы ауылындағы сапарында да аудан басшысы осы мақсатта мектеп пен балабақшаның жай-күйімен танысты. Білім беру ұйымдарының жұмысын тексерген Жандос Еркінбекұлы бірқатар ескертпелер жасап, 30 тамызға дейін кемшіліктердің жөнделіп, мектеп пен балабақша бала қабылдауға ешқандай кедергісіз, толықтай дайын болуын тапсырды.

Сондай-ақ облыстық маңызға ие Жосалы-Жалағаш автожолының Қызылтам-Далдабай елді мекендерінің аралығындағы су шайып кеткен бөлігінің қалпына келтіру жұмыстарын бақылаған аудан әкімі жұмыстың сапалы жүргізілуін қадағалауды сала бойынша орынбасарына жүктеді.

Жұмыс сапарын Жосалы ауылдық округінде жалғастырған Жандос Еркінбекұлы ең бірінші ауылдағы медициналық пунктің жағдайымен танысты.

Аудан басшысы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмек қорын ұдайы толықтырып отыруды тапсырып, ауыл тұрғындарының денсаулығын толық бақылауда ұстау үшін медициналық карта бойынша ай сайын мониторинг жасауды ұсынды.

Ауылдағы ойын алаңы мен балабақшаның жай-күйін бағамдаған аудан әкімі жүйелі жүргізілген жұмыстарға оң баға беріп, алдағы оқу жылында мектеп оқушылары мен балабақшадағы бүлдіршіндерді тамақтандыру барысында барлық талаптардың қатаң сақталуын, тазалыққа зор мән беру керек екендігін ескертті.

БӨЛІСУ