Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов, партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов, партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова және партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Нұркен Бақытбекұлы партияның Сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатқан күріш өңдеу зауыты құрылысымен танысты.

Тәулігіне 120 тонна күріш өңдейтін зауыт партияның сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Жобаның жалпы құны 900 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың наурыз айында басталған. Қараша айының соңына дейін іске қосылады деп жоспарланып отыр. Жоба іске қосылғанда 20 жаңа жұмыс орны құрылады.

Жоғары сапада елімізбен қатар Ресей, Әзірбайжан, Украина, Өзбекстан, Тәжікстан, Моңғолия, Қырғызстан, Грузия, Түркия секілді 10-нан астам елдің нарығына өнім шығарып отырған серіктестік директоры жаңа зауыт жұмысты онан әрі жетілдіруге септігін тигізеді дейді.

«Асыл дән LTD» ЖШС-і экологиялық таза күріш және күріш өнімдерін өндіруші компания. Кәсіпорынның негізгі қызметі күрішті және күріш өнімдерін өсіру, өндіру, сақтау, және дайын өнімдерді өлшеп-қаптау болып табылады. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасында ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында ауқымды жобаларады жүзеге асырып келеді. Бұл жобамыздың бағдарламаға енгені бізге үлкен көмек. Зауыт іске қосылғанда өнім көлемі де артатын болады»,- деді «Асыл дән LTD» ЖШС директоры Нұрлан Алдамжаров.

«Партияның сайлауалды бағдарламасы халықтың сұранысы негізінде дайындалған. Онда әрбір салаға қатысты өзекті деген мәселелер қамтылып, оларды шешу үшін арнайы Жол картасы жасалды. Енді сол уәделердің орындалуын қатаң бақылауда ұстаймыз», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов.

БӨЛІСУ