Қызылордада Достық үйінде 30 тамыз – ҚР Конституция күніне орай «Татулық пен келісім – Тәуелсіз Қазақстанның таңдауы» тақырыбындағы семинар өтті.
Шараға Қызылорда облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі, облыстық қоғамдық даму басқармасының этносаралық қатынастар мәселелері жөніндегі бөлімінің басшысы Айгерім Алиева, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Бақытжан Камалов және қалаға қарасты кент және ауыл округ әкімдіктерінің мамандары, облыстық ҚХА құрылым мүшелері, облыстық партиялардың өкілдері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.
Семинар модераторы «Қоғамдық келісім» КММ директорының орынбасары Дәулет Омаров алғы сөзінде халықта өткенді білмей, болашақты болжау қиын деген нақыл сөз бар. Конституция қабылданғаннан бергі уақыттағы тарихи өлшемдер біз үшін бүкіл өткен жолымызды таразылап, ой елегінен өткізуге толық мүмкіндік беретін белгілі бір үлкен кезең. Ширек ғасырлық тарихы бар Ата Заңымыз кез келген құқықтық актіден жоғары тұратын басты Заң. Ол ұлттық саяси-құқықтық жүйенің өзегі, егемендіктің құқықтық негізі, ең жоғары заңдық күшке ие құжат екендігін атап өтті.
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда Университетінің профессоры, ф.ғ.к. Аман Абасилов «Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты, басым бағыттары мен өзекті мәселелері» тақырыбында баяндама оқыды. «Бүгінгі таңда түрлі ұлт өкілдерін мемлекеттік тілде оқыту өзектілігін жоғалтқан жоқ. Мемлекеттік тілдің әлеуметтік-коммуникативтік қызметін кеңейту мен нығайту түрлі ұлт өкілдеріне мемлекеттік тілді оқытудың мақсат, міндеттерімен үйлесіп отыр. Әр мәдениетті азамат өз отанын, өскен өлкесін, оның тарихын, мәдениетін, тілін білуге тиісті. Халықтың тарихын, мәдениетін, тілін, рухани байлығын білу – адамда халыққа деген құрмет сезімін оятады», – деді.
Қызылорда облысының дін істері басқармасының бас маманы Сәулет Сахиев «Елдегі және аймақтағы конфессияаралық қатынастардың жағдайы» тақырыбында сөз қозғады. Діннің адамзат тарихында алатын орны ерек. Өз тарихында діни санасы болмаған халық жоқ. Адамның пайда болуынан бері өмір сүріп келе жатқан діннің өзіндік мәні зор. Дінге көзқарас әр дәуірде, әр қоғамда әрқилы болып келген. Сондықтан дін дегеніміз не, оның тарихы қандай бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан әр тұлға үшін мәдени қажеттілік. Дін мен қоғам бір-бірінен ажырамайтын ерекше құбылыстар. Қазіргі өркениетті қоғамның әрбір адамы өз болмысымен, дінімен, елдік санасымен бірге адамзатқа ортақ мәселелер туралы келелі сөздер айта білуі қажет екенін тілге тиек етті.
Ал «ҚР Конституциясының тарихы және шетел конституцияларымен адам құқықтары жөніндегі салыстырмалы көзқарас» тақырыбына М. Мәметова атындағы педагогикалық жоғары колледжінің экономика және құқық пәнінің оқытушысы Қанат Төремұратов тоқталып, Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң – мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар көзіне айналғандығын алға тартты.
Шара соңында семинар қатысушылары Ата заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді одан әрі нығайту мәселелері бойынша ой пікірлерін ортаға салды.